2025 жылдың алғашқы 4 айында Алматы қаласында 14 508 тірі туған бала тіркелді. Бұл жайлы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алматыдағы BAQ.KZ тілшісінің сұрауына берген жауабында хабарлады.
Басқарма мәліметінше, ағымдағы жылдың 4 айында 68 өлі туған жағдайы (оның ішінде антенаталдық кезеңде – 66, интранаталдық кезеңде – 2) және 1 жасқа дейін 62 бала өлімі тіркелді.
Ал 2025 жылдың алғашқы 3 айында өлім тіркелген орны бойынша 46 нәресте өлімі тіркеліп, бұл 1000 тірі туғанға шаққанда 4,2‰ көрсеткішін құрады (2024 ж. – 68 жағдай, 5,7‰), – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева.
Оның айтуынша, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеп отыр және республика бойынша орташа көрсеткіштен (6,0‰) төмен.
Өлім орындары бойынша: Перзентханаларда – 23 жаңа туған бала (66%), 2024 ж. – 40 бала (58%). Перзентханалардағы көрсеткіш 3,8‰-ден 2,4‰-ге төмендеді. Стационарларда – 10 жағдай (28%), 2024 ж. – 15 жағдай (22%). Көрсеткіш 1,27‰-ден 0,83‰-ге төмендеді. Үй жағдайында – 2 бала (6%), 2024 ж. – 7 бала (10%). Яғни, үйдегі өлім 3 есеге азайған, – деді Назгүл Иманғалиева.