$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Өзін-өзі дамытуға уақыты жоқ: Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда үй шаруасына екі есе көп уақыт жұмсайды

AstanaTV
14.06.2025ж. 08:58
106
Өзін-өзі дамытуға уақыты жоқ: Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда үй шаруасына екі есе көп уақыт жұмсайды
freepik.com

Ұлттық статистика бюросының сауалнамасы қазақстандық әйелдер ресми жұмыс істейтініне қарамастан, ерлерге қарағанда үй шаруасымен екі есе көп айналысатынын көрсеткен. Сарапшылар әйелдер екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр екенін атап өтті: кеңседе, сонан соң үйде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылар қазақстандықтардың жұмыс, демалыс және үй шаруасы арасында уақытын қалай бөлетінін зерттеген. Ерлер әйелдерге қарағанда бір сағат көп жұмыс істейді, бірақ ерлер де, әйелдер де ұйықтау мен тамақтануға бірдей уақыт жұмсайды екен. Жұмыс күндері ер адамдар үй шаруасы мен балаға 50 минуттан аз уақыт бөлсе, әйелдер 2 сағаттан артық уақыт жұмсайды. Демалыс күндері алшақтық одан да көп. Сарапшылардың айтуынша, көптеген әйел алдымен жұмыста, содан кейін үйде жұмыс істейтінін айтады. Олардың бос уақыты ерлерге қарағанда әлдеқайда аз.

"Бұл әдеттер аграрлық кезеңде қалыптасқан, бірақ қазір біз инновациялық-индустриалды қоғамда өмір сүріп жатырмыз, еңбек нарығында ерлер мен әйелдер тең дәрежеде жұмыс істейді. Қазақстандық патриархалды отбасында дүниеге келген мен де сондай жұмыс істесем, әйел болып туғаным үшін ғана өз-өзімді дамытуға бос уақытым аз болуы керек пе?", – дейді гендерлік зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы.

Белсенділер мүмкіндіктер теңсіздігін айтады. Кейбір қазақстандық әйелдер жоғары білімі мен кәсіби біліктілігіне қарамастан, үй шаруасын жасап, бала күтімі үшін болашағынан бас тартуға мәжбүр.

"Әйел адамның дамуы өте маңызды. Әйел бала-шағаға қарап, үй шаруасымен айналысатындықтан, олар көбіне екі-үш дипломмен үйде отырып қалады. Оларды "Диплом алдың, жарайсың, енді үйде отырып, балаларды тәрбиеле" деп үйге отырғызып қойсақ, "Онда неге қыруар бюджет қаражатын әйелдерді тәрбиелеуге, қыздарды оқытуға жұмсаймыз?" деген сұрақ туындайды", – дейді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Тоғжан Қожанова.

Бұл ретте психологтар гендерлік рөлдер балалық шақтан қалыптасатынын және кейіннен отбасылық қатынастардың бүкіл құрылымына әсер ететінін атап өтеді.

"Көпшілік баланы тәрбиелеуге, оған қандай да бір пікірді таңуға болады десе, бұл – қате пікір. Әдетте бала көргенін істейді. Анаңа көмектесу керек деп қанша айтсаң да, егер ер адам солай деп, өзі көмектеспесе, бала да оны істей қоймайды", – дейді сарапшы санатындағы педагог-психолог Ақнұр Мәжитова.

Әйелдер шаршау, қалжырау және бос уақыттың жетіспеуіне жиі тап болады, бұл эмоциялық және созылмалы күйзеліске әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл ретте сарапшылар гендерлік теңдік пен үй шаруашылығы міндеттерін тең бөлу мәселесі қазір бірінші орынға қойылмағанын айтты. Бүгінде әйелдердің қауіпсіздігі мәселесі маңыздырақ болып тұр.