Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тауарларды таңбалау жүйесін толық енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Толығырақ аталған ведомствоның өкілі айтып берді, - деп жазды KAZINFORM.
— Тауарларды таңбалау — көлеңкелі экономикаға қарсы күрестегі маңызды құрал. Себебі ол тауар қозғалысын бақылауға және олардың заңсыз айналымының алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс жеткізу және өткізу тізбегінің ашықтығын арттыруға ықпал етіп, контрабандалық және контрафактілік өнімдердің заңсыз саудасының тәуекелін төмендетеді, — деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков елордада өткен жеңіл өнеркәсіп ұлттық бірлестігінің 10 жылдығына арналған ІІ съезінде.
Одан әрі министрлік өкілі жеңіл өнеркәсіп саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
— Құрметті әріптестер, Өнеркәсіп комитетінің атынан жеңіл өнеркәсіп саласының барлық қызметкері мен ардагерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Еліміздің экономикасын дамытуға қосқан үлестеріңіз, адал еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын, — дейді спикер.
Бүгін елордада Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп ұлттық бірлестігінің 10 жылдығына орай съезд өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр.