Таяу Шығыстағы жағдай ушықты. Израиль Иранның астанасына әуе соққыларын жасады. Салдарынан ғимараттар қирап, бейбіт тұрғындар көз жұмды. Иран Израильдің бұл әрекетін жауапсыз қалдырмады. Еврей мемлекетінің аумағына 100 шақты дрон жіберді. Ал күллі әлемді дүр сілкіндірген Үндістандағы ұшақ апатында бір жолаушы аман қалған. Толығырақ «Жер-жаһан» айдарында.
Қайырлы кеш! Эфирде - "Жер-жаһан" айдары. Әлемнің ең өзекті жаңалықтарын мен Мөлдір Жақан баяндаймын. Үндістанның Ахмедабад қаласынан Лондонға жол тартқан ұшақ апатынан 290-нан аса адам қаза тапты. Ұшақ бортында 242 адам болған. Әуелде аман қалғандар жоқ деген ақпарат тарағанымен, жергілікті полицейлер бір жолаушының тірі табылғанын хабарлады. Ол – Ұлыбританияның 40 жастағы азаматы Рамеш Вишвакумар. Рамеш Үндістанға бірнеше күн бұрын туған-туыстарын көруге келген. Ол бауырымен бірге осы рейспен Ұлыбританияға оралмақ болған. Бауырының тағдыры әзірге белгісіз. Қазір Рамеш ауруханада жатыр. Апаттың себебі анықталуда.
КЭМПБЕЛЛ УИЛСОН, AIR INDIA БАС ДИРЕКТОРЫ:
Бұл жағдай бәрімізге қиын тиді. Қазір бар күш-жігерімізді жолаушыларды, экипаж мүшелері мен олардың жақындарына қолдау көрсетуге жұмсап жатырмыз. Біздің командамыз тәулік бойы жұмыс істеуде.
Бүгін Иран астанасы Тегеранның шырт ұйқыда жатқан тұрғындарын жойқын жарылыстардың дыбысы оятты. Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына әуе соққыларын жасады. Мерт болғандардың ішінде Ислам революциясының сақшылар корпусының қолбасшысы Хоссейн Салам да бар. Әскери операция «Ам Калави» деп аталады. Бұл "көтеріліп келе жатқан арыстан" деген мағынаны білдіреді. Осыдан-ақ Израильдің шабуылдарға шындап кіріскенін байқауға болады.
БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз Иранның ядролық бағдарламасының орталығына соққы бердік. Натанзедегі уран байытатын негізгі нысанды нысанаға алдық. Сондай-ақ ирандық баллистикалық зымыран бағдарламасының орталығына соққы жасадық. Операция Иран тарапынан төніп тұрған қауіп-қатерді жоймайынша жалғаса береді.
Алайда ирандықтар да оңайлықпен берілмейтінін көрсетті. Көп ұзамай Ислам республикасы еврей мемлекетінің аумағына 100 шақты дрон жіберген. Израильде төтенше жағдай жарияланды.
ӘЛИ ХАМЕНЕИ, ИРАННЫҢ ЖОҒАРЫ ЛИДЕРІ:
Иран әскері еврей мемлекетінің бұл қылмыстық әрекетін жазасыз қалдырмайды. Осы арқылы Израиль өзіне қиын әрі ауыр тағдыр таңдап алды.
Жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильдегі қазақстандықтарға үндеу жасады. Тыл қолбасшылығының нұсқауларын орындап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.