Жамбылда алаяқтық дерегі өршіп тұр. Өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артқан. Жыл басынан бері 314 қылмыс тіркелсе, оның тең жартысы әлі ашылмаған. Әсіресе интернет алаяқтары аймақтағы қарапайым халықты сан соқтырып жүр. Қарызға батып, қайтара алмай басы қатып жүрген жұртқа қайтарымсыз несие алып беремін деген алаяқтардың арбауына орта буындағы адамдар жиі алданатын көрінеді. 350-ге жуық адамды алдап соққан 12 күдікті қамауға алынған. Олар 3 жыл бойы жұртты алдап, 100 миллион теңгеден астам ақшаны қалтаға басқан. Полицейлер бұлардың тағы 6 сыбайласы барын анықтапты. Дәл осындай жолмен 120 миллион теңге жымқырған ерлі-зайыпты да бар. Олар 200 адамды алдап, ватсап арқылы арзан ыдыс-аяқ сатамыз, - деп ақша жинап, тауарларын бермей тақырға отырғызып кеткен.
БАҚЫТЖАН ЖЫЛГЕЛДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:
72 есепшот бұғатталды. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен жәбірленушілердің аттарынан рәсімделген кредиттер бойынша жалпы 160 миллион теңгеге жуық тұрақсыз айыптар тоқтатылған.
Өткен жылдың алты айында алаяқтық бойынша 102 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш үш есе артқан. Жәбірленушілер саны 400 ден асып, шығын көлемі 500 миллион теңгеге жеткен. Оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбінде банктің қауіпсіздік қызметкері немесе өзін құқық қорғау органдарының маманымын деп таныстыратын көрінеді. Былтыр аймақта итернет алаяқтыққа карсы мекеме аралық киберпол басқармасы құрылған. Олар алаяқтық шоттарды анықтап, бұғаттап шығындарды қайтарумен айналысуда.
МҰХАММЕД ҚОШМАҒАНБЕТОВ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Интернет алаяқтықтың құрбаны болмау үшін; қарапайым ереже шаралар бар. Яғни ешкімге өздеріңіздің деректеріңізді айтпау. Сонымен қатар банк картасының нөмірін айтпау керек. Егер де белгісіз бөтен тұлғалар хабарласып жатқан жағдайда олармен сөйлеспей тұтқаны қоя салу. Қазір енді жасанды интелектінің дамыған заманы ғой. Соны қолдану арқылы олар өздерін қазақша сөйлетеді.