$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Қазақстанда 100-ден аса ауыл ішімдіктен бас тартқан

13.06.2025ж. 20:00
107
Қазақстанда 100-ден аса ауыл ішімдіктен бас тартқан

Қазақстанда салауатты өмір салтын қолдайтын ауылдардың қатары артып келеді. Соның жарқын мысалы — Алматы облысына қарасты Ақши ауылы. Мұнда әкімдік пен ауыл ақсақалдарының бірлескен шешімімен ішімдіктен ресми түрде бас тарту жөнінде қаулы қабылданған. Бұл бастама қалай жүзеге асып жатыр? Тұрғындар мен жергілікті билік қандай қадамдар жасады? Тілшіміз Жомарт Түзелбай анықтап қайтты. 

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Біз кіреберісінде тұрған 7000-ға жуық қана тұрғыны бар Ақши ауылында таң тыныш атып, кеш бейбіт батады. Себебі  ақсақалдар мен әкімдіктің шешімімен ауыл ресми түрде ішімдіктен бас тартқан. Бірауыздан қабылдаған қаулыны кім қадағалайды? Расымен ауылға алкоголдік өнім кіргізілмей ме? Бірге бақылайық! 


Ауыл жастарының ішімдікке үйір болмай, саналы да сауатты ұрпақ болып өсуі үшін нақты қадамдар жасауды жөн санаған тұрғындар 2023 жылы әкімдікке ұсыныс білдіріп, ащы суды түбегейлі құртуға кіріскен. Ел болып, ертеңін ойлаған жұрттың ынтымағы осындай игі шешімге бір сәтте ұласыпты.

ДУЛАТ ӘБІЛҒАНИ, КҮРТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


Ауылдың ақсақалдары бар, аналар кеңесі бар. Солардың төрағалары мен мүшелері барлығының атынан бізге әкімдік тарапына ұсыныс түсті. Осы жастардың болашағын ойлап салауатты өмір салтын ұстанайық. Арақтан бас тартайық деген. Оны біз бірден қолдадық. Аудандық жаңағы әкімдік тарапына айттық жоғарыда отырған. Одан кейін ішкі істер бөліміне айттық. Ол кісілер де қолдап. Бір сәтте қолдап кетті. 


Бүгінде ауыл халқы ішімдіктің салдарын жақсы түсінеді. Себебі арақтың кесірінен болған отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық қылмыстар, өкінішке қарай, Қазақстанның өңірлерінде әлі де тіркелуде. Сол себепті ауылдың әр тұрғыны алкагольге қарсы екендерін бірауыздан білдірді.

БЛИЦ: 

- Былайша айтқан кезде жалпылама тілде ол ішкеннен кейін алкагольді ол адам нешетүрлі қылмыстарға баруы мүмкін. Жаңағындай адамның отбасының берекесін қашыруы мүмкін. Сол себепті біздің Ақши ауылының жастары алкагольге қарсы деп ойлаймын. 
- Табылады ғой арақ ішкен адамға. Арақ- адам денсаулығына да зияндығы көп. Одан өскелең ұрпағымыз ертеңгі күні көп ауру сырқаудың барлығы сол арақтан келеді. Мысалы үшін арақ ішкен адамның денсаулығы да құриды. Бір жағынан екінші жағынан елге де сыйы кетеді.


ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Негізінен сөздің шыны керек арақ табу- Қазақстанның көптеген ауылдарында қатты қиын дүние емес. Алайда Ақши ауылын аралап жүргенімізге 2 сағаттай уақыт болды. Көше бойларынан, қоқыс жәшіктерінен бірде бір шөлмектерді кездестірмедік. Енді дүкен сөрелерінен алкагольдік өнімдерді іздейтін боламыз. 


Ауыл ішінде жалпы 30-ға жуық дүкен жұмыс істейді.Сөрелер түрлі спирттік өнімдермен емес, тұрмыстық заттар мен күнделікті қажетті азық-түлікпен ғана толтырылған. Сатушылар да ішімдікке сұраныстың жоқтығын айтады. 

ДҮКЕН САТУШЫСЫ:

Мен осы жерге келгелі 5-6 ай болды жұмыс істеп жатқаныма. Арақ шарап дегенді көрген жоқпын. Ондай сатылып та жатқан жоқ. Өзім осыған дейін келгенше естіген де жоқпын Ақшиде арақ сатылып жатыр дегенді. Біздің Ақшиіміз киелі, Жақсы жер. 


Арақтан бас тарту бастамалары бүгінде Қазақстанның өзге де аймақтарында қолға алынып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, республика көлемінде жүзден аса ауыл алкогольден түбегейлі бас тартқан. Бұл үрдіс қоғамның сұранысынан туындауда. Себебі салауатты ұлт — мықты мемлекет кепілі.