$511.92 €588.91 ₽6.44
×

"Жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам елімізге емделу үшін арнайы келеді", - Президент

13.06.2025ж. 20:00
186
"Жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам елімізге емделу үшін арнайы келеді", - Президент

Жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін арнайы келеді. Ақордада ақ халаттылармен жүздескен Мемлекет басшысы осылай деп, медицина саласының дамып жатқанын алға тартты. Бүгінде 380 мыңнан астам дәрігер адам жанына араша түсіп, науқастарды аяққа тұрғызуда.  

Бірінші байлық - денсаулық. Адам жанының арашасы ақ халатты абзал жандар сол денсаулықтың сақшысы. Расында, дәрігер болу жүректің ісі. Бұл екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Жаһанды індет жайлап, үйге қамалған кезде дәрігерлердің адал қызметіне бәріміз куә болдық. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалды. Ақордада алғаш рет ақ халатты абзал жандармен кездескен Мемлекет басшысы оларға алғысын білдірді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей». Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін. 


Бүгінде ұлттық медицина қарқынды дамып келеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласының ілгері жылжуына 380 мыңға жуық адам сүбелі үлес қосуда. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті. Ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды. 5 жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Бұл жұмыс мұнымен тоқтамайтыны анық.  

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады. Елімізде ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынады. Аудандық ауруханалар заманға сай құралдармен жабдықталып жатыр.


Қазақстандық дәрігерлер жүрекке жыл сайын мыңдаған ашық операция жасайды. Емделушілердің қатарында тіпті, жаңа туған нәрестелер де бар. Органдарды трансплантациялау ісі де дамып жатыр. Биыл алғаш рет бір мезетте  үш адамға үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салды. Мұндай күрделі операциялар әлемде 6 елде ғана жасалынады. Онкологиялық ауруларды емдеуге сәуле терапиясының озық әдістері қолданылып жатыр. Жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін арнайы келеді. Бұл еліміздегі дәрігерлік көмектің сапасы жоғары екенін көрсетеді.
 
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Былтырдан бері елімізде мүлде жаңа бағыт – фетальді медицина дами бастады. Яғни, бұл – ана құрсағындағы шаранаға операция жасау деген сөз. Мұндай бірегей медициналық көмек көптеген баланың дүниеге дені сау болып келуіне мүмкіндік сыйлайды. Сирек кездесетін сырқаты бар адамдарды емдеу мен денсаулығын жақсартуға ерекше мән берілуде. Мемлекеттің алдында мұндай науқастарды шетелдік қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету секілді күрделі міндет тұр.  


Бүгінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға айрықша мән берілген. Бұл бағытта ірі халықаралық инвесторлар тартылып жатыр. Бұл бастаманың жемісін де көріп жүрміз. Қазір қан ауруларын емдеуге отандық препараттар қолданылады. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Аталған перспективті салада айтарлықтай серпіліс жасау қажет. Ядролық медицинаның мүмкіндігін де барынша пайдаланған жөн. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйткені медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі – елдегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші.


Медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау, олардың мәртебесін көтеру  Қасым-Жомарт Тоқаев басымдық берген бағыттардың бірі. Президент пәрменімен былтырдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады. Соңғы 5 жылда ақ халаттылардың жалақысы екі есе өсті. Кадр даярлайтын оқу орындарының шәкіртақысы көбейді. Жалпы, салаға бөлінетін қаржы жыл өткен сайын артып жатыр. Биыл оның көлемі 2,6 трлн теңгеге жетті. Осы орайда Мемлекет басшысы халықтың қамқоршысына айналған дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіріп, оларға қоқан-лоқы көрсететін адамдарды да тілге тиек етті. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Медицина қызметкерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін заңсыз әрекетке жол беруге болмайды. Қоғамдық тәртіпті бұзатын осындай адамдар міндетті түрде заң аясында жауапкершілікке тартылады. Заң мен тәртіп барлық жерде бірдей қатаң сақталуға тиіс. 


Ақ халаттылардың еңбегі қашанда лайықты бағалануы тиіс. Медицина майталмандарының мерекесі тұсында Мемлекет басшысы саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі және азаматтардың денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін сала мамандарын наградтады.