$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Биыл дәрігерлер төл мерекесін 15 маусымда атап өтеді

13.06.2025ж. 20:00
110
Биыл дәрігерлер төл мерекесін 15 маусымда атап өтеді

Маусымның үшінші жексенбісі - медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Кәсіби мейрам биыл 15 маусымға тұспа тұс келіп отыр. Ауру мен ажалға қарсы тұрып, адам өмірін сақтап қалу үшін түрлі дертке дауа іздеген жандар туралы тілшіміздің материалында. 

Титімдей тіршілік иесі өмір үшін осылай күресіп жатыр. Бұл - бүгін жасалған бесінші операция. Дәрігерлер жазатайым жарақат алғандар әсіресе жазда жиілейді, дейді. Демалыста доп қуам деп комаға түскен Әлішер де солардың бірі. Ауылдан санавиациямен әкелінген ол шұғыл операциядан кейін есін жиыпты. Ал анасы ұлын құтқарғандарға қарыздармын дейді.

ЖАЗИРА ДӘУЛЕТОВА, НАУҚАСТЫҢ АНАСЫ:

Ойнап жүргенде доп тиген басына. Миында гематома болған болып тұр бұрын. Ол жиналып-жиналып сол доп тигенде жарылып кеткен. Содан бала бірден есінен айрылған. Ескелді Зейноллаұлына көп-көп рақмет. Баламыз солай аман қалды сол кісінің арқасында.


Дертті болған әр баланы бауыр етіне балайтын Әліби Төлегенов отыз жыл бойы операция жасап келеді. Бірақ білікті маман үшін саннан гөрі, сәбидің сырқатынан сауыққаны маңызды. Сондықтан шипагерлер операцияны ауыр-жеңіл деп бөлмейді.

ӘЛІБИ ТӨЛЕГЕНОВ, БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯЛЫҚ БӨЛІМНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Кейбір жеңіл операциялар ауыр болады. Кейбірінің өзіндік техникалық қиындықтары болады мысалы. Кейбір ауыр деп барған операциялар жеңіл болады. Сондықтан қазір мына диагнозбен түскен науқас жеңіл, мына диагнозбен түскен ауыр деп оны бөлу қиын. Біздер таңертең сегізден беске дейін, бестен бастап таңға дейін кезекші хирургтер болады. Егер күрделі болып жатса, хабарласады, телефондамыз.


Дәрігерлер тумай жатып дертті болған сәбилердің көбейіп бара жатқанын айтады. Ересектері фастфудтың кесірінен асқазан ауруларына шалдықса, дүние есігін енді ашқандары да кеселдің кесірінен пышаққа түсіп жатыр.

ДӘУРЕН КУСМАҒАМБЕТОВ, БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ХИРУРГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫ:

Бұрын жасалмаған күрделі операциялар - өңеш атрезиясы. Ол жаңа туған нәрестелердің патологиясы, туа пайда болған ақауы. 2019-2020 жылдары бір-екеу болса, қазіргі уақытта жылына 4-5, 6-ға дейін жетеді. Оны немен байланыстыратынымызды ешкім айта алмайды. Өңеш деген трубка болуы керек қой асқазанға қосылатын. Сол трубкасы бітіспейді, екі бөлек жатады. Жаңа туған нәрестелер дүниеге келіп, сол кезде диагнозы анықталады.


Былтыр балалар ауруханасында екі мыңнан астам операция жасалыпты. Биыл жарты жылдың өзінде түрлі жарақатпен түскен 800 бала ем алған.