15 маусым - Әкелер күні. Өзінің ғана емес, өзгелердің де баласын тәрбиелеумен ұзақ жыл айналысқан ардақты әкенің бірі біздің бүгінгі сюжетіміздің арқауы болмақ. Түркістан облысының Қазығұрт ауданында тұратын Жақсыбай Құлжабайұлы- өсіп-өнген әулеттің тірегі. Жасы сексеннен асқан қария қырық жыл ұстаздық етіп, бүгінде зейнеркелікке шықса да бала тәрбиесінен қол үзбеген.
Жақсыбай Құлжабайұлы қолы босай қалса шахмат ойнайды. Ойлау қабілетін дамытатын ойынды немерелеріне де үйретуден жалықпайды. Үш жасар Мөлдір тақта тастың ережелерін біршама меңгеріп алған. Қария шахмат ойыны баланың ой-өрісімен қатар нақты шешім қабылдауға үйрететінін айтады.
ЖАҚСЫБАЙ ҚҰЛЖАБАЙҰЛЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:
Шахмат - өнердің бір түрі, тәрбиенің бір түрі. Шахматты үйренген баланың қай саланы болса да тез меңгеруге, игеруге қабілеттері жетіп жатады. Сондықтан шахматты жас кезінен бастап үйренген дұрыс болады.
Жақсыбай ақсақал- қырық жыл ұстаздық еткен жан. Ол өз балаларынан жұрттың баласын ешқашан бөліп жарып қарамайды дейді зайыбы Хадиша Қожахметқызы. Ұлағатты әке мен өнегелі ананың өмір жолын бүгінде балалары жалғап жүр.
ХАДИША ҚОЖАХМЕТҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:
Қазір енді мен пенсиядамын ғой. Пенсияда болсам да балаларым сабақтан келгеннен кейін кейбір уақытта өздері сұрайды, соны айтып беремін. Түсіндіріп беремін. Солай балаларым жақсы оқиды бәрі. Келіндерімнің барлығы жақсы, тәрбиелі. Өйткені олар өздері ұстаз.
Өнегелі жандар бес баланы мәпелеп өсірген. Балаға тәлім-тәрбие беруді өмірлік ұстанымы санайды. Сол үшін де немере мен шөберелері демалыс күндері міндетті түрде қарашаңыраққа жиналады.