Астанада биылғы көктемде ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық взводына шақырылған сарбаздардың әскери ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Шығармашылық взводта 21 сарбаз қызмет етеді. Олар Астана, Семей қалалары мен Түркістан облысынан шақырылған.
Іс-шараға Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері мен сарбаздардың туыстары қатысты.
Сіздерді бүгінгі маңызды шарамен құттықтаймын. Сіздер еліміздегі бірден-бір шығармашылық взводта мерзімді қызмет өткеру құрметіне ие болып отырсыздар. Алдағы бір жыл ішінде әскери-мәдени өмірге бірге әскери істің негіздерін үйреніп, нағыз Отан қорғаушысы боласыздар. Кейін қаласаңыздар, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға болады, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.
Ант берген жас сарбаздардың бірі Әлішер Нұрмұханбетов Р. Глиер атындағы музыкалық мектепті бітіріп, әскерге дейін жоғары педагогикалық білім алған.
Саксофонда ойнайтын музыкант ретінде шығармашылық взводқа түскеніме өте қуаныштымын. Бұл жерде маған сүйікті ісіммен айналысуға, кәсіпқойлардан тәжірибе жинауға мүмкіндік бар. Болашақта әскери оркестрде қызметімді жалғастырмақ ойым бар, – деді А. Нұрмұханбетов.
Астаналық Жандос Жастілек әскерге дейін елордалық колледжде аспаздық білім алған. Ол отбасында төрт баланың үлкені.
Анам медицина, ал әкем – полиция қызметкері. Олар бізді патриотизм рухында тәрбиелеп, еңбекке баулыды. Әскер қатарына өз еркімен келдім. Бала кезімнен домбыра тартамын. Мұнда кәсіби әскери музыканттардың арасында өз шеберлігімді шыңдайтыныма сенімдімін, – деді Жандос Жастілек.
Бір ай ішінде әскерге шақырылушылар жас жауынгер курсынан өтіп, жалпы әскери жарғыларды, саптық, дене шынықтыру, атыс дайындығының негіздерін оқып, алғашқы практикалық атыстарды орындады.
Салтанатты рәсім Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Қарулы күштердегі дарынды әскерге шақырылушыларға арналған бөлімше 2023 жылы құрылған болатын. Бұл шығармашылық взводқа үшінші шақырылушылар.