Алматы облысы маңындағы Жіңішкесу – Шелек аралығының (Жетіген-Алтынкөл учаскесі) реттелетін, қорғалмайтын теміржол өткелінде Toyota Land Cruiser маркалы көлігі жүк пойызымен соқтығысты. Оқиға бүгін 15 маусымда сағат 09:19-да болған, деп хабарлады El.kz интернет порталы.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жол талғамайтын көлік жол қозғалысы ережесін бұзған. Қаза тапқандар жоқ. Жүргізушінің қолы сынып, оған медициналық көмек көрсетілді.
Теміржолшылардың үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында пойыз қозғалысы 30 минутқа кешігіп, қалпына келтірілді. Өткел барлық қажетті ескерту белгілерімен жабдықталған. ҚТЖ жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға және темір жолдарды кесіп өту кезінде аса сақ болуға шақырады,-делінген мәліметте.
Айта кетсек, жыл басынан бері теміржол өткелдерінде 23 жол-көлік оқиғасы орын алды. Негізгі себеп - автокөлік жүргізушілерінің жол жүру ережелерін бұзуы. Сонымен қатар, локомотив бригадаларының кәсібилігі, қырағылығы мен жоғары жауапкершілігі арқасында теміржол өткелдерінде 32 ықтимал жол апатының алдын алуға мүмкіндік туған.