16-18 маусым аралығында Қазақстан астанасында "Орталық Азия – Қытай" халықаралық форумы өтеді. Осыған байланысты Астанада жол қозғалысы схемасы уақытша өзгереді, бұл әуежайға баратын жолдың қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әуе айлағының баспасөз қызметі хабарлағандай, жолаушыларға кешікпеу және қолайсыздықтарға ұшырамау үшін сапарларын алдын ала жоспарлау ұсынылды.
Құрметті жолаушылар! 16-18 маусым аралығында өтетін "Орталық Азия – Қытай" форумына байланысты Астанада жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Әсіресе, әуежайдан Мəңгілік Ел даңғылына дейінгі (Қабанбай батыр көшесі бойымен) аралықта көлік қозғалысы қиындауы мүмкін, – делінген Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ұшуға дайындалып жатқан жолаушыларға мүмкіндік болса, балама бағыттарды қарастыру ұсынылды.
Сіздерден әуежайға барар сапарды мүмкіндігінше ертерек жоспарлауды сұраймыз. Мүмкін болатын шектеулерді ескере отырып, алдын ала шығып, балама маршруттарды таңдауға кеңес береміз. Осы кезеңде рейстер кестесінде өзгерістер болуы мүмкін. Өздеріңіздің әуе компанияларыңыздан нақты ақпаратты алдын ала анықтап алыңыздар. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз және сәтті сапар тілейміз! – делінген хабарламада.