Бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңның қабылданғанына бір жыл толуына орай Мемлекеттiк кеңесші Ерлан Қарин осы мерзімде істелген жұмыстарға тоқталып өтті.
Қабылданған заңның нәтижесінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамалары мен тиімді жүйесі қалыптасты.
Құзырлы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен арыздардың саны былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 20,5%-ға төмендеді. Жыл басынан бергі бес айда аса ауыр тұрмыстық қылмыс 44%-ға, ауыр отбасылық-тұрмыстық қылмыс 29%-ға, кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс саны 21,3%-ға, педофилияға қатысты қылмыс саны 40,7%-ға азайған. Жалпы, мемлекет тарапынан қолға алынған ұйымдастыру шаралары мен құқықтық шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда әйелдердің құқықтарын бұзған қылмыс саны екі есе азайған, — деп жазды Ерлан Қарин.
Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артты. Жаңа тәсілдің, яғни, ресми түрде арыз берілмесе де, өңірлерде құрылған жедел топтардың, полиция қызметкерлерінің, куәгерлердің берген деректері мен әлеуметтік желілерді сараптаудың нәтижесінде биылғы қаңтар-мамыр айларында 19 мыңнан астам осындай оқиға анықталды.
Мектептерге «111» мемлекеттік байланыс орталығының QR-коды орнатылғаннан кейін балалар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг, күрделі психикалық-эмоциялық жағдайларды анықтау көрсеткіші артты. Биыл 5 айдың ішінде 86 мың бала осы қызмет түріне жүгінген. Соның ішінде 2 мыңнан астам бала зорлық-зомбылықтан, буллингтен, сыныптастарымен, ата-анасымен күрделі қарым-қатынастан күйзеліске түскенін айтып көмек сұраған. Балалар өзіне өзі қол жұмсамақ болған 28 оқиға анықталып, қатердің беті қайтарылған. «111» қызметіне соңғы бес айда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық көмек алу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін айту үшін және басқа да әлеуметтік мәселелермен 62 мың ересек адам хабарласқан. Психологиялық көмек көрсететін 20 орталық ашылып, 112 қала мен ауданда отбасыларды қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Осы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 34 мың отбасына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілсе, 2 мың отбасына әлі де көмек көрсетілуде.
Биыл сот үкімімен 52 «бұзақы» денсаулық сақтау мекемелерінде психологиялық көмек алуға міндеттелген.