$512.44 €593.15 ₽6.52
×

Қазақстан мен Қытай 60 келісімге қол қойды

16.06.2025ж. 20:00
42
Қазақстан мен Қытай 60 келісімге қол қойды

Қазақстан мен Қытай 60 келісімге қол қойды. Бұл туралы бүгін  «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында айтылды.  300 мың доллар инвестиция салған шетелдіктерге енді Қазақстанда 10 жыл тұруға мүмкіндік беріледі. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мұны инвестициялық тартымдылықты арттыруға арналған "Алтын виза" деп атады. Форумда тағы қандай маңызды жобалар айтылды? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады. 

БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:


Бүгінгі форум аясында ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдар ғана емес, инвестициялық келісімдер, инвестициялық шарттар және басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды.


Cоның бірі -жасыл сутегі өндіруге арналған жоба. Оны Қытайлық Seraphim компаниясымен жүзеге асыру көзделіп отыр. Айта кетейік, сутекті энергетика бүгінде көлік пен авиация құралдары саласында тиімді нәтиже көрсетуде. 

МАДИЯР СҰЛТАНБЕК, «KAZAKH INVEST» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Жоба жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып өндірілетін экологиялық таза және болашағы зор отын түрі — жасыл сутегі өндіруге бағытталған. Бүгінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия және Сауд Арабиясы сынды елдер бұл технологияға ерекше көңіл бөліп отыр. 


Қазақстан мен Қытай индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықты тығыз дамытып келеді. Соңғы 30 жыл ішінде Қытай Қазақстан үшін ең ірі экономикалық әріптеске айналған. Бүгінде екі ел ынтымақтастығы аясында 2,7 миллиард доллар болатын 10 жоба іске асырылу сатысында тұр. Сонымен қатар 4,1 миллиард доллар көлеміндегі 8 жоба әзірленіп жатыр.

ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 

Аталған ынтымақтастық тетігі 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.Бүгінде екіжақты экономикалық қатынас ауыл шаруашылығынан бастап, минералдық ресурстар, көлік саласы, жоғары технологиялар мен энергетикаға дейінгі кең ауқымды салаларды қамтып отыр.


Форум аясында Қазақстан мен Қытай 60 түрлі келісімге қол қойды. Жобалардың дені аймақтарда іске асырылады. Мәселен Түркістан облысы 3 жоба бойынша келісімге келді. 

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Үш жобаға қол қойып отырмыз. Біріншісі қытай компаниясымен логистикалық хабты жасаймыз деп отырмыз. Олар жалпы Чанси провинциясында логистикалық үлкен хабтары бар. Осында жасаймыз деді. Қытай өнімдерін осында алып келіп және біздің өнімдерді қытайға алып кетеміз деген жоспарлары бар. Жердің бәрін анықтап келіскенбіз, соған бүгін келістік.


Қытайлық инвесторлар Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға қаржы құяды. Сондай-ақ Ақтөбеде ашылғалы жатқан карбамид өндіретін кәсіпорынға 1 млрд доллар көлемінде несие береді.