Қазақстан мен Қытай жаңартылатын энергия көздерін бірге дамытады. Күн мен жел энергиясын арттыру үшін барлық ресурс бар, енді Қытай инвестициялық қолдау көрсетпек. Бүгін Елордада Орта Азия-Қытай энергетикалық форумында бірнеше меморандум мен келісімге қол қойылды. Тіпті, шикізаттың өзі қос ел әріптестігінің арқасында экологиялық таза әдістермен өндірілмек. Энергетикалық диалог алаңына тілшіміз Еркелді Тілеуқұл барып келді.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Экономика, логистика мен инвестиция тарту салалары секілді энергетикалық әлеуеті тұрғысынан да, Қазақстан - Орта Азияның жетекші мемлекеті. Сондықтан, елімізбен серіктес боламыз деушілер жеткілікті. Қытай да бұл қатардан қалғысы келмейді. Қазірдің өзінде кейбір энергетикалық бағыттар бойынша Шығыстағы көршіміз оқ бойы озық тұр.
Қазақстан баламалы қуат көздерін энергетикалық жүйеге интеграциялау қарқыны қатты. Тіпті, ресми бекітілген жоспардан асып келеді. Алайда, атқарылар жұмыс та көп. Себебі, жаһандық климаттық өзгерістермен күресу үшін ғасыр ортасында көміртек бейтараптығы концепциясын жүзеге асыру қажет.
ЖАСЛАН ҚАСЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жасыл генерация – өте жас сала. Сондықтан, проблемалар баршылық. Оны бұрыннан қалған жүйелерге кірістіру қиындық туғызады. Бірақ, біз әзірге осы мәселені жақсы шешіп келеміз. Дегенмен, келесі қадамдар бар. Біріншіден, инвестиция қажет. Біздің нарқымыз ашық. Дегенмен, Қытай көп қызығушылық танытуда. Бүгіннің өзінде көп уағдаластықтарға қол жеткізіп отырмыз. Ғылыми тұрғысынан біз де, бүкіл халықаралық ғылыми қауымдастық та жабыла жұмыс істеп келеміз.
Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласында болашағы жарқын. Бұл – Қытайлық сарапшылар мен компаниялардың берген бағасы. Аспан асты елінің мемлекеттік компаниялары да, жеке секторы да табиғи артықшылыққа көңіл бөлу керек деп санайды.
ЦИФЭН ЦЗЮЙ, POWERCHINA КОМПАНИЯСЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің компания әлемде 105-і орында. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан нарығына кірдік. Оның үстіне, шикізат емес, тек баламалы қуат көздерін өндірумен айналысамыз. Осы бағытта Қазақстанға ұсынарымыз бар деп санаймын. Инвестиция, құрылыс және кадр даярлауды өз мойнымызға аламыз.
Мамандар толыққанды шикізаттан жақын арада арыла қоймайтынымызды айтады. Бірақ, мұнай-газ-химия өнімдерін тауып қана қоймай, оны өңдеп, соңғы тауарды шығару және оны шетелге экспорттау – қазіргі басты мақсат екеніне ерекше тоқталды. Жиын барысында ірі жобалар сөз ретінде қалмай, келісімдерге қол қойылды. Мәселен, Шымкенттегі Мұнай Өңдеу зауытының қуаттылығы 6-дан, 12 млн тоннаға артады. Одан бөлек, Түркістан мен Ақтөбе облыстарында жаңа зауыттар бой көтереді.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Алқалы жиын қорытындысы бойынша қол қойылған келісімдер бұлар ғана емес. Энергетика саласындағы инвестициялық жобалар еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынбақ. Бұл бастамалардың барлығы дерлік баламалы энергия көздерін қамтиды.