"Әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың тиімді жүйесі қалыптасты". Мемлекеттiк кеңесші Ерлан Қарин тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңның қабылданғанына бір жыл толуына бйыланысты пікір білдірді. Ол қабылданған заңның арқасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері едәуір азайғанын айтты.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Жыл басынан бері құзырлы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен арыздардың саны былтыр осы уақытпен салыстырғанда 20,5%-ға төмендеді. Бұған қоса ауыр және аса ауыр сипаттағы тұрмыстық қылмыстың саны азайған. Жыл басынан бері бес айда аса ауыр тұрмыстық қылмыс 44%-ға, ауыр отбасылық-тұрмыстық қылмыс 29%-ға төмендеген. Сонымен қатар, бес айда кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс саны 21,3%-ға, педофилияға қатысты қылмыс саны 40,7%-ға азайған. Жалпы, мемлекет тарапынан қолға алынған ұйымдастыру шаралары мен құқықтық шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда әйелдердің құқықтарын бұзған қылмыс саны екі есе азайған.