$512.44 €593.15 ₽6.52
×

Иран басшысы: «Израиль өзіне өлім жазасын кесті»

16.06.2025ж. 20:03
64
Иран басшысы: «Израиль өзіне өлім жазасын кесті»

Израиль мен Иран бір-бірін атқылауды тоқтатар емес. Зымырандар мен дрондар үшінші күні де жарыса жауды. Ал Трамп өзінің туған күніне орай әскери парад ұйымдастырды. АҚШ армиясының 250 жылдығы, Ақ үй басшысының 79-ы жасымен сәйкес келді. Алайда, наразы жұрт ереуіл өткізіп, айқайға басты.  Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты. 

АҚШ әскерінің 250 жылдығы Трамптың 79-ы туған күнімен сәйкес келді. Осыған орай, Президент әскери парад ұйымдастырды. 6000 мың сарбаз бен 128 танк қатысқан шеруге 45 млн доллар ақша кеткен. Бірақ, жиналған жұрт: «Патша болмасын», - деп ұрандатып, наразылық акциясын жасады. Олар: «Трамп диктатор болуға жақын», - дейді. Алайда, АҚШ Президенті мұнымен келіспейді. Әскери парад кезінде заңсыз мигранттарға қысымды күшейтетінін айтып, ескертті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұзақылар ғана емес, нағыз қылмыскерлерге Америкада орын жоқ. Олардың нағыз бет-бейнесін көрмеген адамдар барып тұрған есуастар. Біз қоғамдық тәртіпті қамтасыз ету үшін еш аянып қалмаймыз.


Иран халқы, билікті өз қолдарыңызға алыңыздар. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху осылай деп үндеу жасады. Ол Иран ядролық қауіп төндіруін доғармайынша, соққы жасайтынын айтты. Қажет болса, билік өкілдерін де өлтіремін, - деп қорқытты. Айта кетейік, жұма күні басталған қақтығыс әлі толастамай тұр. Израиль әскери және ядролық нысандарға соққы жасауын жалғастыруда.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Тегерандағы режим бұндай әлсіз болмаған. Қазір жақсы мүмкіндік туды. Біз парсы халқын жақсы көреміз әрі құрметтейміз. Халықтар бір-бірімен жауласпауы керек. Біз барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ислам Революциясын Қорғау Корпусының және барлау қызметтерінің басшыларын өлтірдік. Қажет болса тағы көмектесеміз. Иран халқына бостандық сыйлауға әрдайым әзірміз.


Иран да қайтар емес. Сенбі күні баллистикалық зымырандармен бірнеше толқын шабуыл жасап, Израильдің «темір қорған» Әуе Қорғанысы Кешенін айналып өтті. Соққылар негізінен тұрғын үйлерге жасалған. Салдарынан 3 адам ажал құшып, 67 адам жараланды. Ислам |Республикасының басшысы Аятолла Хаменеи: «Израиль өз-өзіне ор қазды», - дейді.

АЯТОЛЛА АЛИ ХАМЕНЕИ, ИРАН БАСШЫСЫ:

Осы шабуылдан кейін сионистік режим өз-өзіне өлім жазасын кесті. Бұл – тек бастамасы. Израиль бұдан да асқан сорақылыққа дайындала берсін. Кім болса да айтарым: «Біз қорқып қалады десеңіздер, қателесесіздер.


Айта кетейік, бірінші күндегі Израиль шабуылдарынан 67 адам қаза тапты. Олар негізінен әскерилер мен ядролық салада қызмет еткен ғалымдар.