Қызылжарда такси жүргізушісін көлікке мінген екі жолаушы соққыға жыққан. Басынан жарақат алған 60 жастағы ер адам араға бес күн салып қайтыс болды. Бұл қайғылы жағдайдан кейін үрейленген жүргізушілер таксиге дабыл батырмасын енгізуді талап етуде. Қауіп-қатер туралы хабар беретін қондырғы оқыс жағдайдан сақтайды, дейді олар.
РОМАН САВЧУКОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:Дабыл батырмасы бұрын таксиде болған. Оны қолданған кезде 5 минуттың шамасында 40-50 такси жүргізушісі жиналып қалады. Ал полицейлер хабарласып, барлық ақпаратты айтып болғанша дейін жолаушылар өлтіріп тастауы да мүмкін. Қоқан-лоқы көрсететін жолаушылар өте жиі кездеседі.
Диспетчерлік орталықтар дабыл батырмасы жөнінде сұхбат беруден бас тартты. Ал полицейлердің дерегінше, жыл басынан бастап такси жүргізушілері тәртіп сақшыларына 17 мәрте көмек сұрап жүгінген.
АЗАМАТ БЕКТҰРҒАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПБ ТЕРГЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Такси жүргізушісіне қол жұмсаған Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.