$512.44 €593.15 ₽6.52
×

Астанада үздік дәрігерлер марапатталды

16.06.2025ж. 20:00
58
Астанада үздік дәрігерлер марапатталды

Елордада ел денсаулығы үшін күресіп, бірнеше ұрпақ шәкірт тәрбиелеп, бар өмірін медицинаға арнаған майталмандар марапатталды. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне орай, күнделікті ел алғысын алып жүрген дәрігерлерге ерекше сыйлықтар жасалып, салтанатты шара өтті.   

Салтанатты шара ұрпақтар сабақтастығына арналды. Өз өмірін медицинаға арнап қоймай, сауапты іске балалары мен немерелерін баулыған аө халатты абзал жандар ерекше ардақталды.  

ӘЛИЯ РҮСТЕМОВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Медицина жүйесін бақылаудың ең қарапайым әдісі – адамдардың өмір ұзақтығы. Елордамызда Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен 3,5 жылға ұзарттық. Бұл да бір көрсеткіш деп білемін. Астанада тек былтыр 30 мың сәби дүниеге келіп, барлық аурухана, стационарларда 200 мыңнан астам адамды емдеп жаздық.  


Нұрлан Қоңыртаев  Қостанай және Қарағанды облыстарында еңбек етіп, зейнет жасында Елордаға көшіп келген. Бірақ, күш-қуатым жетіп тұрғанда ел үшін қызметімді тоқтатпаймын, - дейді.

НҰРЛАН ҚОҢЫРТАЕВ, ДӘРІГЕР-АНЕСТЕЗИОЛОГ:

Мынандай жасқа келіп, жұмыс істеп келе жатқаныма қуаныштымын. Министрдің марапат беріп, еңбегімізді елегенін күнделікті тұрмысымызға қуат беріп жатыр. Осындай көңілмен 90-ға дейін келемін ғой деп ойлаймын.


Бірден екі өмірді құтқаратын жалғыз дәрігер ол – акушер. Біз ананың да, баланың да өмірін құтқаратын болғандықтан, сауабымыз екі еселенеді, - дейді қаланың бас акушер-гинекологы – Зайтуна Хамидуллина.

ЗАЙТУНА ХАМИДУЛЛИНА, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГЫ:

Аналардан алғыс көп аламын. 45 жыл бойы келіншектерді босандырып, өмірлерін құтқарып келемін. Жыл басынан бері 24 қиын жағдай болды. Барлығын ажалдан арашалап қалдым. Бірақ, алғыс та күтпеймін. Бар болғаны өз жұмысымды істеймін. 


Елордада барлық ауру бойынша көрсеткіш жылдан-жылға тек жақсарып келеді, - дейді дәрігерлер. Өлім-жітімді болдырмау  үшін аянып қалмайтындарын айтады.