$512.44 €593.15 ₽6.52
×

Павлодар облысындағы ірі кәсіпорын 1 млрд теңгеге жуық айыппұл төледі

AstanaTV
16.06.2025ж. 22:00
56
Павлодар облысындағы ірі кәсіпорын 1 млрд теңгеге жуық айыппұл төледі

Ақсу қаласындағы "Қазхром" компаниясына қарасты ферроқорытпа зауытынан атмосфераға шыққан қалдықтар көлемі нормадан асып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, осы жылдың қаңтар-наурыз айлары арылығында зауытқа қарасты РОК-2 қазандығынан ауаға 663,67 тонна қалдық шыққан. Бұл экологиялық заңнаманың бұзылуы болғандықтан, Павлодар облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының қаулысымен кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде компания 854 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Бүгінде бұл сома толығымен өтелді.

Өз кезегінде "Қазхром" компаниясының басшылығы мұндай мәселе туындауының себебін түсіндірді. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, қалдықтардың шекті көлемі 2021 жылы бекітілген. Кейін тиісті заңнамалық процедура болмағандықтан, рұқсат қағазды жаңартудың мүмкіндігі де болған жоқ. Ал ескі талап бойынша, 2025 жылдан бастап қалдықтың шекті көлемі өзгерген.

"Бұл нормативтер 2025 жылы Ақсу қалалық қазандығы қолданысқа беріледі деген есеппен жасалды. Алайда бұл қазандық әлі де пайдалануға тапсырылған жоқ. Қала тұрғындарын жылусыз қалдырмас үшін ферроқорытпа зауытының қазандығы осы жылы да қайтадан шағын шаһарды жылумен қамтамасыз етті. Соның салдарынан қалдық көлемі бастапқы есептен асып түсті. Зауыттың алдында жылыту маусымынан бас тартып, бүкіл қаланы қыс бойы "қатыру" немесе барлық экологиялық тәуекелдерді мойнына алу таңдауы тұрды. Әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, жылумен қамтуға бел буды", - деп түсіндірді компания өкілдері.

Шынымен, Ақсу қаласында 11 млрд теңгеден астам қаржыға салынған қазандық қолданысқа берілер түрі жоқ. 2017 жылы қазығы қағылып, бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса да әлі де "шикі" тұстар шығып жатыр. 2023 жылы күлді ұсақтайтын құралдар жоқ екені анықталса, былтырғы сынақ жұмыстары кезінде қазандық толық қуаттылыққа шыға алмайтыны байқалды. Биыл оны тағы бір рет сынақтан өткізу жоспарда бар.