Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көпшілік орында тәртіп бұзған азамат Ж.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың 10 маусымында азамат Ж. елордадағы "Қаратөкел" көпірінің аркасына көтеріліп, секірмек ниетін білдірген. Ол сол сәтте бейнежазба түсіріп, оны жеке сот орындаушысы мен бұрынғы жұбайына жолдаған.
Аталған жағдай жеке сот орындаушысының өтініші негізінде тіркеліп, "Есіл" аудандық полиция басқармасы тарапынан тексерілді.
Сот отырысында Ж. өз кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке ажырасқаннан кейін 1 миллион теңгеден астам алимент берешегі жиналып қалғанын және қиын қаржылық әрі эмоционалдық жағдай итермелегенін түсіндірді, - делінген Астана қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.
Оның әрекеті бейнежазбамен, оқиға орнында болған инспектордың баянатымен және басқа да дәлелдермен расталды.
ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті көздейді.
Азамат Ж. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жазаға тартылды, - делінген ақпаратта.
Сот қаулысында бұл әрекеттің қоғамдық тәртіпке қол сұғып, қоғамға құрметсіздік танытудың айқын көрінісі болғаны, сондай-ақ азаматтың өз өміріне де, айналасындағыларға да қауіп төндіргені ескерілгені атап өтілді.
Айта кетейік, сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.