$512.44 €593.15 ₽6.52
×

"Отбасы банктің" тәуелсіз директоры алаяқтарға депозиттегі ақшасын шешіп берген

AstanaTV
17.06.2025ж. 10:25
72
"Отбасы банктің" тәуелсіз директоры алаяқтарға депозиттегі ақшасын шешіп берген
Фото: hcsbk.kz

"Отбасы банктің" тәуелсіз директоры Эльмира Ермекова телефон алаяқтарының арбауына түсіп қалды – ол Ұлттық банк пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "қызметкерлері" жинаған қорын сақтап береді дегенге сеніп, қомақты қаржысынан айырылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналист Козачковтың жазуынша, өткен көктемде "Отбасы банк" мемлекеттік мекемесінің топ-менеджері және директорлар кеңесінің мүшесі Эльмира Ермекованың ұялы телефонына өзін банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова деп таныстырған абоненттен хабарлама келіп түседі.

"Ләззат Ибрагимова" ұйымға қауіпсіздік комитетінен тексеру келгенін, кейін арнайы қызметтің қызметкері Ермековаға телефон соғатынын, оны міндетті түрде тыңдау керек екенін жазады.

Шынында да, сәлден кейін оған бейнеқоңырау арқылы ер адам хабарласып, оған қауіп төніп тұрғанын, бірақ құтқарып қалатынын айтқан.

"Отбасы банктің" тәуелсіз директоры орган қызметкері қабырғасында елтаңба мен президенттің портреті ілініп тұрған кеңседен хабарласып отырғанын өз көзімен көрген.

Оның үстіне, кейінірек оған өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған тағы бір адам хабарласқан. Ол тіпті қызметтік куәлігін де жіберген, сондықтан Эльмира Мүсілімқызы банк қызметкерімен сөйлесіп отырғанына толық сенімді болған.

Ол қылмыскерлер Ермекованың екінші деңгейлі банктердің біріндегі депозитінде тұрған ақшасын ұрламауға әрекеттенгенін, сондықтан ақшаны Ұлтық банкке жасырып қоюы үшін барлық соманы органдағы қызметкерге беруі керек екенін айтқан.

"Отбасы банктің" топ-менеджері оның сөзіне құлап асып, ақшасын шешіп алып, ақша салынған пакетті "Баракуда" код сөзін айтқан көшедегі жігіттің қолына ұстатып жібереді.

Бірақ Ұлттық банк пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "қызметкерлері" мұнымен тоқтамаған. Олар Ермекованың басқа банкте де депозиті бар екенін анық білгендіктен, сол ақшасын да шығарып алуды талап еткен.

Әйел шоттан долларларын шешіп алу үшін банкке барған, алайда бөлімше қызметкерлері оның бұл әрекетінен күдіктенген көрінеді. Олар "Отбаса банктің" тәуелсіз директорына алаяқтар манипуляция жасап отыруы мүмкін екенін айтып түсіндіреді.

Міне, сол сәтте Ермекова алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын түсінді.

Ол дереу полицияға хабарласып, ол жерде арыз жазып, нағыз қауіпсіздік күштері қызметкерлерінің нұсқауларына сәйкес әрекет ете бастайды. Олар Ермекованы құпия сөз айтқан жігітпен кездесуге жібереді, ақша беріп жатқан кезде оны ұстап алады. Ол 21 жастағы Ахмад Мұхидинұлы есімді жұмыссыз ер адам болып шыққан.

Полицейлер кейін оның операторы – 31 жастағы Дастан Бекботаевты тауып алады. Оның үйінен жасырын қоңырау шалуға болатын "Sim-Box" құрылғысын тапқан. Тергеу мәліметтері бойынша, Ермекова мен алаяқтар арасындағы барлық байланыс сол құрылғы арқылы орнатылған.

Алайда қабырғасына елтаңба ілінген кеңседен телефон соғып, өздерін ҰҚК мен Ұлттық банк қызметкерлеріміз деп таныстырғандар табылмаған. Олар шетелде жүрген көрінеді.

Сотқа тек қазақстандықтар ғана тартылған. Мұхидинұлы мен Бекботаев ұялы телефон құрылғысын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Екеуі де 5 жылға бас бостандығынан айырылды, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.