Қарағандыда 8 жастағы мүмкіндігі шектеулі балаға мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек берілгені белгілі болды. Баланың анасы аудандық аурухананың дәрігерлерін сотқа бермек, деп хабарлайды KAZINFORM.
Әйелдің айтуынша, оның ұлы сирек кездесетін ми ауруы мен эпилепсияға шалдыққан. Бір жарым жыл бойы балада ремиссия болған, алайда биыл мамыр айында кезекті талма ұстамасы тіркелген. Осы жағдайдан кейін анасы баласына берілген «Депакин» шәрбатының жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін анықтаған.
Бұл оқиғаға қатысты мәлімет берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы препараттың 2024 жылдың 31 желтоқсанында жазылып берілгенін айтты. Басқарманың мәліметінше, баланың анасы бұл туралы 1414 қызметі арқылы уақытылы хабардар етіліп, оған бірнеше мәрте телефон соғылған.
— Баланың анасы бұрын берілген дәрі-дәрмектің жеткілікті екенін айтып, ол кезде қосымша препарат алуға мұқтаж болмағанын жеткізген. Ал дәрі-дәрмекке ол тек 2025 жылдың 23 мамырында жүгінген. Дәріні берген учаскелік мейірбике жарамдылық мерзімінің өткенін байқамай қалған, — деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Алайда баланың анасы мұнымен келіспейді.
— Көрші көшеде тұратын, баламен үйде үнемі отыратын адамды желтоқсаннан мамырға дейін таба алмау, ақылға қонымсыз. Мен балам үшін қажетті дәріні алмай қалай жүрмекпін? Ата-ана дәріханадан немесе ауруханадан дәрі алса, оның жарамды болуына сенеді, — дейді ол.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
— Қызметкер еңбек демалысынан шыққан соң, тәртіптік кеңесте учаскелік мейірбикенің лауазымына сәйкестігі қаралатын болады, — деді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, басқарма жағдай аудандық аурухана әкімшілігінің бақылауында екенін атап өтті.
— Қазіргі уақытта бала қажетті дәрімен толық қамтамасыз етілген. Жағдай бақылауда, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.