$517.45 €598.59 ₽6.58
×

ОА мен Қытай мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды

17.06.2025ж. 20:00
174
ОА мен Қытай мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды

Орталық Азия елдері мен Қытай мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл аймақтық қауіпсіздікке ғана емес, экономикалық жағдайға да әсер етуі мүмкін. Бүгінде аспан асты елімен сауда саттық күн санап артып жатыр. Былтыр Қазақстан мен Қытай 44 млрд долларға сауда жасасқан.  "Орталық Азия- Қытай" саммитінде қабылданған декларациядан не күтеміз? Сүндет Оралбек сөз алсын. 

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Аймақтық қауіпсіздік, экономикалық ықпалдастық, тұрақты даму. Бұл жиынға қатысушыларды біріктіретін ортақ мүдде. Екінші рет өткізіліп жатқан “Орталық Азия – Қытай” саммиті – аймақ елдері мен Бейжің арасындағы өзара сенім мен серіктестіктің айқын дәлелі. Жиын экономикалық пайданы ғана емес, өңірлік тұрақтылық пен саяси салмақты арттыруға жол ашады. 


Қытаймен Орталық Азия елдері арасындағы алыс-беріс былтыр 95млрд долларға жетті. Бұл- рекордтық көрсеткіш. Оның 46 пайызы Қазақстан еншісінде. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін. Себебі, елімізге құйылған капитал көлемі көбейді. Қазірдің өзінде аспан асты елі 26 млн доллар инвестиция жасаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдан кең көлемде қаржы тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын шегелеп айтты.  

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі.


Орталық Азия - Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір. Қытайдан кәрі құрлық елдеріне жөнелтілетін жүктің барлығы осы аймақ арқылы өтеді. Былтыр тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Құрлық арқылы жеткізілген тауардың 85 пайызы қазақ жерінен өткен. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік – Оңтүстік» секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз. 


Әлемдегі Уран қорының 20 пайызы, мұнайдың 17, табиғи газдың 7 проценті, сирек кездесетін бағалы металдардың мол кені Орталық Азияда шоғырланған. Аймақ елдерінің бұл саладағы әлеуеті зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың эдролық энергетика саласында тәжірибесі мол екенін, сол үшін сала бойынша ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтты. Жуық арада келісімге қол қойылмақ.  Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады.


Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы. Мемлекет басшысы 2026 жылды дәл осылай атауды ұсынды. Бұл қадам Орталық Азия мен Қытай арасындағы гуманитарлық ықпалдастықты жандандырары сөзсіз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Сөз соңында Президент  жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ Саммитке қатысушы елдер арасында мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.