Қазақстан мен Қытай өзара сауда айналымын екі есе арттырмақ. "Орталық Азия-Қытай" іскерлік кеңес отырысында осындай меже сөз болды. Қос тарап та бұнымен келіседі. Оның үстіне, бұл үшін Қазақстандағы шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Толығырақ Еркелді Тілеуқұл баяндайды.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Орта Азия мен Қытай бір-бірімен жылына 95 млрд долларға сауда жасайды. Соның 44 млрд-ы Қазақстан үлесінде. Дегенмен екі ел де осы көрсеткішті екі еселендіргісі келеді. Бүгінгі жиын - соның алғышарты.
Атамекен кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған форумға Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі – Серік Жұманғарин қатысты. Қытайлық кәсіпкерлермен жеке кездесіп, Үкімет тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Бізде қазірдің өзінде Қытаймен бидай мен жүгеріні терең өңдеу бойынша кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Жамбыл облысында мтеаллургия кешеніне 800 млн доллар инвестиция салынып жатқанын кешеден бері айтып келе жатырмыз. Түркістан облысына да ірі қытайлық инвестор кіріп жатыр. Мақтаны терең өңдеп, соңғы өнім шығармақшы. Енді ашылса да, зауыт жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Осылайша, біз жеңіл өнеркәсіпте де, ынтымақтастықты дамытамыз.
Іскерлік форумға аты көпшілікке танымал болмаса да, күллі әлем үшін маңызды кәсіпкерлер келді. Солардың бірі – Эйнджел Джанг. Ол миллиардер Илон Масктың Тесла көліктеріне батарея шығарумен айналысады. Болашақта Қазақстанда да бірқатар жоба қолға алмақшы.
ЭЙНДЖЕЛ ДЖАНГ, КӘСІПКЕР:
Қазақстан мен Қытай тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқанымен, әлі де жаңа нарық. Әлеуеті өте жоғары. Біз үшін де сіздердің мемлекеттеріңізбен жұмыс істеу тиімді әрі зор мәртебе. Менің келуім, әлбетте, тегін емес. Жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп жатырмыз. Жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Міндетті түрде, жаңа бастама қолға аламыз.
Атамекен кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, қазақ-қытай экспортында бірқатар өзекті мәселелер бар. Мәселен, «Жасыл дәліз», кеденнен өткізу мен сертификаттау проблемалары өзара сауданы аздап тежеп тұр. Бұны жақын арада шешіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер жасауға тырысамыз, - дейді басқарма төрағасы. Оның ішінде бизнесті цифрландыру – негізгі мақсат екенін айтты.
РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Негізгі көңілді маркетплейстерге бөлуді қарастырып жатырмыз. Себебі, бұл – шағын бизнесті дамытудың бірден-бір жолы. Шағын бизнессіз экономиканы да елестете алмаймыз. Қытайда бұл сала қарқынды дамыған. Бізге осы қосымшалар арқылы тауарлар келуін үйлестіретін делдалдардың болғаны да жақсы. Бұны да шағын бизнес деп атауға негіз бар. Одан бөлек, бүгінгі кездесуде, сол маркетплейстермен біздің кәсіпкерлер тікелей байланысуын талқыладық. Түптің-түбі осылайша еліміздің экономикасының бүтін бір жаңа секторын қалыптастырамыз.
Жиында өзара әріптестік туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Еліміздің сыртқы сауда палатасы қытайлық компаниялармен уағдаластықтарға қол жеткізсе, Алматы мен Түркістан облыстарының әкімдіктері де бірнеше шарт жасасты.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Қазақстан мен Қытайдың ірі кәсіпорындары мен мемлекеттік компаниялары онсыз да тығыз байланысқан. Алайда шағын бизнес шаң қаптырып, орта бизнес орда бұзатын күн жақын. Болашақ сауда Қытай экономикасының үлесінде көп болмасы анық. Алайда, Қазақстан үшін таптырмас мүмкіндік.