$517.45 €598.59 ₽6.58
×

«Туыстардың отбасына араласуы жастардың шаңырақ көтеруіне кедергі келтіреді», - психолог

«Туыстардың отбасына араласуы жастардың шаңырақ көтеруіне кедергі келтіреді», - психолог

Былтыр елімізде 128 мыңнан аса неке қиылған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 12 пайыз төмен. Соңғы он жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жастар отбасын құруға неге асықпайды? Оған не кедергі? Тілшіміз зерттеп көрді. 

Жастардың кеш үйленуі – жай ғана үрдіс емес, қазіргі қоғамның айнасы. Тұрақты табыс, жеке даму мен өмірлік серігін саналы таңдау – бүгінде басты басымдыққа айналған. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2013 жылы елімізде 168 мыңнан аса неке тіркелген. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал былтыр неке қиюшылардың саны 128 мыңнан сәл асты. Шаңырақ көтеру бойынша Түркістан облысы, Алматы мен Астана қалалары үздік үштікте. Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында, өткен жылы аймақта мың жарымға жуық неке қиылған.  

Жастардың некеге кеш отыруының себептері – қаржылық тұрақсыздық, баспана бағасының қымбаттауы, ажырасудан қорқу және отбасылық жауапкершіліктен қашу. Сонымен қатар, көп жас алдымен мансап құрып, өмірлік серігін саналы түрде таңдауға ұмтылады. Азаматтық некені де “сынақ кезеңі” деп қабылдайтындар жиі кездеседі.

АЛЬМИРА ҚАСҚЫРБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:


Қазіргі таңда жастардың ең басты мансаптары жағдайымды жасап аламын, зәулім үй тұрғызып аламын, содан кейін шығамын деп ойлайды. Көбінесе қорқыныш та бар. Өйткені кейбір жастар бірінші қадам жасауға қорқады. Жастардың ажырасудан қорқыныштары бар. Ата-анасының өмір сүргендері, отбасындағы ұрыстар, мен де ата-анам сияқты болып қаламын ба деген қорқыныш болады оларда.    


Психологтардың айтуынша, отбасылық құндылықтарға бала кезден дұрыс көзқарас қалыптастыру қажет. Отбасындағы ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық сияқты жағымсыз жағдайлар баланың сенімсіз, әрі күйзеліске бейім болып өсуіне әсер етеді. Мұндай жағдайда жастар бір басын екеу етуге асықпайды. 

ИНДИРА САҒАТБЕКҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ:

20-23 жас қалыпты отбасын құруға дұрыс жас болып есептелсе, қазір кезде жастар 25-30-дан асқанша, кішкене ойланып жүреді. Себебі бұл олардың білім алуымен байланысты. Мансап, тұрақты жұмыс тапқысы келеді. Қаржылық және басқа да жағынан ешкімге тәуелді болмасақ деген ұстанымды ұстанады. 


Отбасына туыстардың араласуы да жастардың шаңырақ көтеруіне кедергі келтіреді, дейді мамандар. Сондай-ақ ажырасу да үлкен себеп.  Қоғам белсендісі Айша Құрманғали де осы пікірмен келіседі. Ол қазіргі жастар өзін дамытуға басымдық беретінін айтады.   

АЙША ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:


Қазіргі жағдайда еркіндік бар. Таңдау, ерік жастардың көбіне өздеріне беріледі. Олар оқығысы келеді, ел көргісі келеді, жер көргісі келеді, мансапқа жеткісі келеді. Осының бәрі де кеш үйленуге әсер етіп жатқан факторлар. 


Елімізде некенің азаюы тек әлеуметтік мәселе емес. Бұл қазіргі жастардың стратегиясы. Жаңа үрдіс жастардың өмір сүру салты мен болашаққа деген көзқарасының өзгергенін айқын көрсетеді.