Саран қаласы- индустриялық аймақ құру нәтижесінде моноқалалар қатарынан шығып, қазір өнеркәсіптік қуаты артып келе жатқан қалалардың бірі. Оң тәжірибеден барлық моноқалалар үлгі алуы тиіс. Бұл туралы бүгін Саран қаласында өткен моноқалаларды дамыту бойынша республикалық семинар-кеңесте айтылды. Қазақстанда өңірлерді қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру нәтижесінде моноқалалар саны 27-ден 20-ға дейін қысқарды, бұл ірі өндірістердің және экономиканың өзге де түрлі бағыттарының өсуін білдіреді. Қарағанды облысында төрт моноқала бар – Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқаш, онда 340 мыңға жуық адам тұрып жатыр, бұл өңір халқының үштен бірі. Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің жартысына жуығы моноқалалар үлесіне тиесілі.