Қарағанды облысындағы отандық автобус зауыты жылына 10 мыңнан астам техника шығарады. Автобустар мен трактор, самосвалдар еліміздің түкпір түкпіріне әкетіліп жатыр. Кәсіпорын бүгінде өңір жастарының жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, қызметте өсіп дамуына ықпал етті. Толығырақ Айжан Қуаш тарқатады.
Елубаев Темірлан осыдан 3 жыл бұрын Шахтинскідегі технологиялық колледжінде газ қондырғысын жөндеуші мамандығын бітіріп, автобус зауытына қарапайым жұмысшы болып орналасқан. Қазір- кіші торап цехының шебері. Бұл цехта темір қаңқаға 20 мыңнан астам тетік, яғни қозғалтқыш, орындық, декорлар, кондиционер, камера барлығы орналастырылып, дайын техника құрастырылып шығады.
ТЕМІРЛАН ЕЛУБАЕВ, КІШІ ТОРАП ЦЕХЫНЫҢ ШЕБЕРІ:
Өте қатаң қадағалаймыз қауіпсіздікті. Мысалы, біздің автобуста қауіпсіздік система орнатылған. Ол автобустың жан- жағына 360 градус камерасы бар және қазіргі кейін шығып жатқан автобустардың тежегіш және педалдарына да арнап камера орнатып жатырмыз. Осы автобустарды көшеде көрген кезде мен өте мақтан тұтам өз жұмысымды. Маған өз жұмысым өте ұнайды.
Зауыт- Саран қаласындағы индустриалдық аймақта орналасқан отандық кәсіпорындардың бірі. Осыдан 4 жыл бұрын ашылды. Бүгінде мұнда 9 жүзден астам адам жұмыс істейді. Көпшілігі -жастар. Дәнекерлеуші, автоқұрастырушы, бояушылар жылына 10 мыңнан астам ауыр көлік құрастырады.
ЖАРАС ИСАБЕКОВ, КІШІ ТОРАП ЦЕХЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Біздің кәсіпорын жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған және толық өндірістік құрастыру циклын жүзеге асырады. Өндірістік қуаттылығы жылына 1200 бірлік автобус пен 10 мың бірлік коммерциялық техника.
Зауыт жастардың жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, кәсіпорында да қоғамда да өз орнын табуға қолдау көрсетпек. Бүгінде өңірдің екі оқу орнында «автокөлікбояушы» және «автомобиль құрылысы» деп аталатын екі жаңа мамандық пайда болды. Кез келген адам осы мамандықтарды оқып автобус зауытына жұмысқа орналаса алады.