Индонезияның Флорес аралында орналасқан Левотоби Лаки-Лаки жанартауы жергілікті уақыт бойынша 17:35-те атқылай бастады. Бұл туралы Daily Mail басылымы жергілікті вулканология агенттігіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды Astana TV.
Атқылау нәтижесінде жанартау аспанға шамамен 10 шақырым биіктікке дейін жететін қою сұр күл бағанасын шығарған. Осыған байланысты билік жанартаудың қауіп деңгейін ең жоғары төртінші деңгейге көтеріп, тұрғындар мен туристерге жанартау маңынан аулақ болуды қатаң ескертті.
Левотоби Лаки-Лаки – екі шыңы бар, теңіз деңгейінен 1584 метр биіктікте орналасқан белсенді жанартау. Оның атқылауы кезінде ауаға тараған күл бұлттары көріну аймағын шектеп, әуе қатынасына да әсер етуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін, 8 маусымда Гватемаладағы Фуэго жанартауы да белсенділік танытып, билік жаппай эвакуация жариялаған болатын. Онда лава ағынының күшеюіне байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді.