$517.45 €598.59 ₽6.58
×

Чолпон-Атадағы өңірлік форум: Орталық Азия елдері МЖӘ саласында тәжірибе алмасты

AstanaTV
18.06.2025ж. 13:09
74
Чолпон-Атадағы өңірлік форум: Орталық Азия елдері МЖӘ саласында тәжірибе алмасты

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) жоғары лауазымды тұлғаларының отырысы шеңберінде 2025 жылғы 17 маусымда Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия елдерінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы уәкілетті органдарының қатысуымен өңірлік форум өтті.

Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, ҚХР, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері қатысты.

Форумның мақсаты – өңірдегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін дамыту, қатысушы елдердің осы саладағы тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері арасындағы экономикалық өсімді ынталандыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда бірлескен бастамаларды ілгерілету және МЖӘ саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту болды.

Іс-шара аясында қатысушылар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласындағы құқықтық базаны жетілдіру, МЖӘ бойынша оқыту, халықаралық келісімдерді дамыту мен трансшекаралық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

МЖӘ бойынша трансшекаралық жобаларға арналған сессияда «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Көбетов баяндама жасап, Қазақстанның негізгі жетістіктерін, соның ішінде сәтті іске асырылған жобаларды, МЖӘ саласындағы жүргізілген заңнамалық реформаларды, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп іске асырылатын ерекше маңызы бар жоспарланған жобаларды таныстырды.

Форумда талқыланған негізгі бастамалардың бірі – Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын жаңа автожол жобасы болды. Жобаның алдын ала құны шамамен 150 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл көлік дәлізі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға, көлік қолжетімділігін арттыруға әрі жеке инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған.

Жаңа жол құрылысы өңірлік деңгейде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолданудың айқын мысалы ретінде қарастырылуда. Жобаның сәтті іске асырылуы Орталық Азияда осыған ұқсас трансшекаралық инфрақұрылымдық бастамаларды іске қосуға серпін береді деп күтілуде. 

 Осылайша, Чолпон-Атада өткен форум мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, Орталық Азия елдерінің өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысын растады. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар МЖӘ тетіктерін одан әрі дамытуға және нақты бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.