«Елімізде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайызды құрап отыр. Тіпті пандемия кезінде Еуропаның ірі мемлекеттерінде жұмыссыздық көрсеткіші 17 пайызға дейін өссе де, ал Қазақстанда сол баяғы 4,5 пайыз, яғни өзгермейтін 451 мың жұмыссыз адам. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев осылай деп сынады.
- Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыс істеп жүр. Яғни олар – қажетті салықтарын, жарналарын уақтылы төлейтін санат. Ал қалғандары қайда?!», - деді мәжілісмен.
Депутат бұл адамдардың көбі уақытша жұмыспен ғана нәпақасын тауып жүргеніне сенімді. Әрі Қазақстан пандемиядан кейін 4,5 млн халыққа әлі тұрақты жұмыс тауып бере алмаған күйде отыр.
«Меніңше, пандемия уақытында 42500 теңгеден көмек алған – 4,5 миллион халықты әлі күнге дейін нақты жұмыспен, не кәсіппен қамтамасыз ете алмай келеміз», - деді Бейсенбаев.