Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша вице-министр Ерболат Ибрайханов Жамбыл облысында Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Тексеру барысында «Огородный 1» каналында сапасыз бетон төселгені анықталды. Жұмыс Шу ауданындағы Оң жағалау магистральдық каналын реконструкциялау аясында жүргізілді.
Бас мердігерге ескерту жасалып, ақауы бар учаскені қайта салу жөнінде тапсырмалар берілді. Бүгінде мердігер ұйым бұл аумақты бұзып, бетонды қайта құю жұмыстарын аяқтады.
«Мердігерге алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеу туралы нұсқау берілді. Жұмыс бекітілген жобаға сәйкес және қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес қатаң түрде жүргізілуі керек. Жамбыл облысындағы «Қазсушар» филиалы мен техникалық қадағалауды жүзеге асыратын компанияға күнделікті бақылау жүргізіп, Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2 жобасының өзге де нысандарында мұндай қателіктерге жол бермеу тапсырылды. Егер мұндай жағдайлар қайталанатын болса, айыппұлдар салынып, келісімшарттар бұзылады»,
– деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Қазіргі уақытта Су шаруашылығы нысандарын дамыту департаментінің мамандары мен «Қазсушардың» Жамбыл филиалының өкілдері Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2 жобасы аясындағы барлық каналды тексеріп жатыр. Нәтижесінде тексеру актісі жасалып, тиісті шешімдер қабылданады.