Трамп Канадада өтіп жатқан «Үлкен жетілік» саммитін тастап, Ақ үйге оралды. Ол жақын уақытта Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты тоқтатамын, - деп ағынан жарылды. Израиль Президенті Исаак Герцог болса: «Біздің соққы жасаудан басқа амалымыз қалмады», - дейді. Тіпті, бұл оқиғаны футболмен теңестірді. «Израиль соңғы минуттарда гол соғу үшін шабуылдаумен тең», - дейді. Иран болса, Тель-Авив тұрғындарына жауап үндеуін жасап, қашуға үгіттеді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп, «Үлкен жетілік» саммитінен уақытынан бұрын кетті. АҚШ Президенті Ақ үйде өз қолбасшыларын жинап, қақтығысты тоқтатамын дейді. Бірақ, Иранда ядролық қару болмауы керектігін айтуда. Дегенмен, Иранға соққы жасау туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Барлығын тоқтатамын. Зымыран тұрмақ, оқ атылмайды. Барлығы осымен бітеді. Өз сөзімнен де таймаймын. Иранда ядролық қару болмауы керек. Бар күшімді осыған жұмсаймын.
Израиль Президенті – Исаак Герцог «Басқа амалымыз қалмады», - дейді. Тіпті, жағдайды футболмен салыстырды. Президенттің айтуынша, Израиль соңғы минутта гол соғуға ұмтылған командадай.
ИСААК ГЕРЦОГ, ИЗРАИЛЬ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің соққы жасауымыздан басқа амалымыз қалмады. Иран ядролық қару жасауға жақындап, қауіп төндіре бастады. Сондықтан, жедел әрекет ету керек болды. Мәселен футболда жеңіліп жатқан команда, қарсыластың айып алаңына жүйткиді ғой. Біз сондай жағдайдамыз.
Кеше Трамп Тегеран тұрғындарын қашуға шақырса, енді Иран билігі Тель-Авив тұрғындарын қаланы тастап қашуға үндеді. Айтуынша, ең жойқын шабуылдар енді басталады.
АБДУЛ-РАХИМ МОСАВИ, ИРАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ БАС ШТАБЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Осы уақытқа дейін жүргізген операцияларымыз жай ғана ескерту және қорқыту үшін жасалған. Енді сионистік режимді жазалаймыз. Әсіресе, заңсыз басып алынған Тель-Авив пен Хайфа тұрғындарын үйлерінен кетуге шақырамыз. Өз өмірлеріңізді құтқарыңыздар.
Айта кетейік, Иран жуырда баллистикалық зымырандармен шабуылды көздеп отыр деген ақпарат тарап еді. Тіпті, АҚШ Израильді қолдауын тоқтатпаса, Сауд Арабиясындағы базаларға дейін бомбылаймыз, - деп қорқытты.