$518.81 €596.27 ₽6.63
×

"Ұлттық қор мен сырттан қарыз алу өсіп келеді", – Ерлан Қошанов

18.06.2025ж. 20:00
49
"Ұлттық қор мен сырттан қарыз алу өсіп келеді", – Ерлан Қошанов

Қазақстандағы жұмыссыздар саны- 450 мың емес, 4,5 млн. Соңғы 15 жылдан бері еңбекпен қамтылмағандар үлесі 5 пайыздан аспайды деу құлаққа кірмейді. Депутат Елнұр Бейсенбаев тіпті пандемияның өзінде өзгеріссіз қалған статистикаға сенбеймін деді. Бұдан бөлек,  еліміздегі орташа жалақының да жалған екенін айтты. Қымбатшылық тағы бар. Жұрт несиеге белшеден батқан. Ал, үкімет екі жылдан бері Ұлттық қорға қол салумен келеді. Осының бәрін жайып салған депутаттар қызыл кеңірдек болып, үкімет мүшелерімен тартысып шаршады. Тіпті   өткен жылдың бюджеттік атқарылуын қабылдамаймыз деп қырсықты. 4 сағатқа созылған мәжіліс отырысын тілшіміз БекболатСатуов тарқатып айтады. 

Жыл сайын қаралатын бюджет отырысы осы жолы да тартыспен өтті. Себебі бюджет қаражаты жұмсауда кемшілік  көп. Ең сорақысы үкімет Ұлттық қордан қолын ала-алмай отыр. Мәселен, былтыр   бюджетті толтыру үшін   5,6 трлн. теңге алса, биыл тағы 5,3 трлн жаратып қойған. Бұл дегеніміз - 2024 жылы бюджеттің 25 проценті, 2025 жылы тағы 23 проценті Ұлттық қордан толықты деген сөз.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды. Қынжылтатыны осы. Енді бұл шығыстарды азайту өте қиын, себебі бұл еліміздегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық міндеттерді тоқтатып қана қоймай, басқа да соққыларға әкелуі мүмкін – аксиомаға айналды.


Бұдан бөлек, депутат халық қарызға өмір сүріп жатқанын айтты. Өйткені кірісімізден шығысымыз көп. Қымбатшылық тағы бар. Бір картоп бағасының өзі 550 теңгеге жеткен. Өлместің күйін кешіп жүрген жұрт қазір тапқан табысынан екі есе қаражат жұмсайды. Оның үстіне сең қозғалса да өзгермейтін статистика тағы бар. 

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Елімізде дәл қазір 3 миллион адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?! Меніңше, бұл санның арифметикасын Үкімет былай есептейтін сияқты. Мысалы, Асан 1 миллион теңге жалақы алса, ал Үсен мен Есен 100 мың теңгеден алады. Сонда үшеуіне шаққанда орташа жалақы 400 мың теңге.


Депутаттардың алаңдауының жөні бар. Ұлттық қор мен сырттан қарыз алу жыл сайын артып барады.  Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сын-ескертпелерден қорытынды шығару керек деді. Айтпақшы, енді Мәжіліс мемлекеттік органдардың ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың да шығысы мен фискалдық міндеттемесін толық көріп отырады.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚП ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексі әзірленді. Онда бұрыннан келе жатқан түйткілдердің дені ескерілген. Осылайша, жаңа Бюджет кодексі бұрынғы модельдің олқы тұстарын — бөлшектенуді, жариясыздықты және бақылаудың әлсіздігін жоюға бағытталған. Енді біз, депутаттар мемлекеттік органдардың ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың да шығыстары мен фискалдық міндеттемесін толық көріп отырамыз. Бүкіл бюджет процесі цифрландырылып, ашық болады. Қаржылық тәртіп күшейе түседі.


Төрт сағатқа созылған мәжіліс отырысында Үкімет есебін қабылдаудан бас тартқандар да болды. Нәтижесінде, жалпы отырысқа қатысқан 91 депутаттың 72-сі жақтап дауыс берсе, 17 депутат қарсы болды, тағы 2 депутат қалыс қалды.