$519.55 €596.03 ₽6.63
×

Қайтарылған активтер қаражаты есебінен 318 млрд теңгеге 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр

18.06.2025ж. 20:00
187
Қайтарылған активтер қаражаты есебінен 318 млрд теңгеге 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр

Қолда барда қонышына басып, қалтасын қампайтқандардың қаржысына 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр. Қазірдің өзінде халықтың денсаулығын арттырып, таза тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін, білім нәрімен сусындатып, спортқа баулитын бірқатар жоба қолданысқа берілді. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында. 

Қайырлы кеш! Эфирде "Экономика". Студияда мен Сүндет Оралбек.

Жыл басынан бері 2 млн 421 мың зейнеткерге 1,7 трлн теңге зейнетақы төленді. Оның орташа мөлшері 143 502 теңге. Ынтымақты зейнетақы 95 814, базалық 47 688 теңге болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын кезең кезеңімен көтеріліп жатыр. Инфляция деңгейі бойынша да жыл басында 2 пайыз ұлғайтылды. 

Биыл картоп импорты еселеп артты. Алғашқы тоқсанда елге жалпы сомасы 25 млн доллардан асатын  98 мың тонна жер алмасы әкелінген. Бұл жылдық көрсеткіштен 70 пайызға артық. Бір ғана сәуір айының өзінде 52 мың тонна картоп импортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 жарым есе көп. Содан болса керек бағасы да бірден аспандап кетті. Шамамен құны 60 пайызға өсті. Импорттың барлығы дерлік екі елден келеді. Басым бөлігі Қытайға тиесілі. Шамамен 58 процент. Ал Пәкістан 35 пайызын жеткізген. 

Маусым айы - көші-қон мезгілі. Біреулер демалысқа кетеді. Біреулер оқуы бітіп үйіне оралады. Ал енді бірі жаңа пәтерге көшу туралы шешім қабылдайды. Мұның барлығы пәтер жалдау нарығына әсер етеді. Сұраныс артып, баға құбылады. Жаз басталысымен еліміздің біраз өңірінде тұрғын үйді жалға алу құны қымбаттады. Әсіресе бір бөлмелі баспанаға сұраныс көбейді. Мысалы, Маңғыстауда бұл сегментегі үйлерді жалдау бағасы қыстағымен салыстырғанда бірден 87 процентке өсті. Алматы мен Ақмола облысында 20 пайызға артқан. Ал екі бөлмелі пәтерлерде жағдай тұрақты деуге болады. Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында өсім 8 пайызға жетті. Ал кей өңірлерде керісінше көрсеткіш төмендеген. Үш бөлмелі пәтерлер бағасы Алматыда 9 процент артты. 

Елімізде қайтарылған активтер қаражаты есебінен 318 млрд теңгеге 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр. Атап айтқанда, Астанада ескі стадионның орнына Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа футбол алаңы бой көтеруде. 3600 орындық алаң құрылысы UEFA халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Алматыда қайтарылған қаражат есебінен сумен жабдықтау жүйесін салу бойынша 9 жоба жүзеге асырылуда. Ал Шығыс Қазақстан облысында Арнаулы мемлекеттік қордан Гематология орталығының құрылысын аяқтауға қаражат бөлінді. Медициналық мекемеде 2 ғимарат: 148 орындық стационар және 24 төсек-орындық клиниканың пациенттеріне арналған қонақ үй жоспарланған. Ақмола облысында денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және спорт саласында 38 жоба жүзеге асырылуда. Қайтарылған активтер есебінен екі медициналық нысан халық игілігіне берілді. Үш елдімекеннің мыңнан астам тұрғыны енді ақ халаттылардың көмегіне жүгіне алады. Бұл атқарылған жұмыстың бір парасы ғана.   

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін  519 теңгеден саудалануда. Еуро 594, Ресей рублі 6,51 теңге болды. 

Мендегі бар ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!