Павлодарда еріктілер жазғы лагерлер аумағын күл-қоқыстан тазартты. Шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастарылды. Оған 30-дан аса ерікті қатысты. Мақсат- жастардың бойына экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қоршаған ортаны қорғауға, ауыл аймақты таза ұстауға баулу. Дәстүрге айналған акция әр сәрсенбі сайын өткізіледі. Сонымен қатар жастар «ЭкоСеруен» атты экологиялық ойын өткізді. Ойын барысында жастар түрлі сұрақтарға жауап беріп, экологияны сақтаудың жолдарын ортаға салды. Экология мәселесі өндірісті өлке үшін өте күрделі. Сол себепті жастар улы заттардан қорғану үшін ағаш егу, гүл отырғызу секілді жұмыстарды күшейтуге көңіл бөлмек. Ойынға 14 пен 35 жас аралығындағы белсенді жастар қатысты. Бәйге екі кезең бойынша өтті.
АНАСТАСИЯ ГРИГОРОВИЧ, ЕРІКТІ:
Біз еріктілер гүл, ағаш суарып ғана қоймай, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын да жүргіземіз. Біздің еріктілер жақында Астана қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Президентпен кездесуге барып келді. Бұл кездесуде акцияның жай ғана шара емес, ел тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға шақыратын ауқымды үгіт насихат жұмысы екеніне көзіміз жетті. Сол үшін де бұл жұмысты одан әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.