Қызылжарда түлектермен қоштасу рәсімінде мектептің төбесі құлады. Оқиға қалалық нөмірі тоғызыншы орта мектептің акт залында болған. Оқушыларға аттестатты табыстау кезінде залдың бір бөлігінің төбесіндегі пластик тақтайшалар опырылып түсті. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Мектеп басшылығы төбеде жөндеу жұмыстары бірнеше жыл бұрын жүргізілгенін хабарлады. Айта кету керек, бұл биылдыққа қала мектептеріне болған алғашқы оқыс жағдай емес. Жылдың басында нөмірі алтыншы мектепте сабақ үстінде төбенің сылағы опырылып түскен болатын.
ГҮЛДЕН АЛЕНОВА, №9 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Төбеде алдымен бір пластик тақтайшасы құлады. Содан кейін бірінен соң бірі құлай бастады. Кейін біз дереу акт залынан шығып кеттік. Қазір арнайы комиссия құрылды. Жалпы, ғимараттың төбесі 5 жыл бұрын жөнделген. Ал ағымдағы жаңғырту жұмыстары маусымның 23-і басталуы тиіс еді.