2025 жылғы 19–20 маусым күндері Ақтауда Каспий маңы елдерінің ІІ эндохирургиялық пәнаралық конгресі өтеді.
Эндохирургия саласындағы жыл сайынғы ең ауқымды әрі маңызды шаралардың бірі өңірдегі медицинаның дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан эндохирургиялық қауымдастығының президенті Владимир Котлобовский мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, конгресс шеңберінде Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және басқа да елдердің жетекші хирургтары, ғалымдары мен медициналық ұйым өкілдері бас қосады.
«Медициналық ұйымдардың өкілдері тәжірибе алмасып, соңғы технологиялар, күрделі операциялар туралы ақпаратпен бөліседі. Сондай-ақ эндохирургиядағы инновациялық әдістер мен кәсіби стандарттар ұсынылады. Іс-шараның бір ерекшелігі – Ақтау қаласына 2025 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесінің берілуі. Бұл мәртебе өңірде ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастыққа жаңа серпін береді. Мұндай алаңдар – өңір елдерінің кәсіби достығын нығайтудың жарқын үлгісі. Мұндай жоғары деңгейдегі конгрестің Ақтауда өтуі – үлкен мәртебе әрі тарихи оқиға», – деді Владимир Котлобовский.
Брифинг барысында медицина ғылымдарының докторы Серік Тоқпанов конгресс бағдарламасының шеңберінде өтетін практикалық мастер-кластар мен ғылыми тақырыптар туралы айтып өтті.
Конгресс басталар алдында, 17–18 маусым күндері Ақтаудағы клиникалық базаларда конгрессалды мастер-кластар ұйымдастырылады. Ал 19–20 маусымда «Достық үйінде» негізгі іс-шаралар басталады.
Бағдарламада - жоғары технологиялық лапароскопиялық операциялардың 3D HD, ICG, 4K бейнелеумен тікелей көрсетілімі, отандық және шетелдік сарапшылардың ғылыми баяндамалары, балалар, әйелдер, урологиялық, абдоминалдық және эндокриндік хирургия бағыттары бойынша дөңгелек үстелдер мен пікірталастар, хирургтар мен мейіргерлерге арналған симуляциялық тренингтер мен оқыту сессиялары қамтылған.
Конгреске қатысу үшін алдын ала тіркелу қажет екенін қосымша хабарлаймыз.