$519.55 €596.03 ₽6.63
×

Қарағанды «Жас ұлан» мектебін аяқтаған 90-нан астам түлек әскери оқу орнын таңдады

AstanaTV
19.06.2025ж. 17:19
59
Қарағанды «Жас ұлан» мектебін аяқтаған 90-нан астам түлек әскери оқу орнын таңдады

Биыл кеншілер қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебін 136 тәрбиеленуші тәмамдады.

Осы жолғы шараның тарихи маңызы бар. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап оқу орны өз жұмысын әскери колледж ретінде жалғасытрмақ.

 «Жас ұлан» мектебінің әскери колледж форматына көшуі – жастарды патриоттық тәрбиелеу және Отанға абыроймен қызмет етуге дайын мамандарды даярлау ісіндегі жаңа тараудың басы болмақ.

Салтанатты шараға әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар және түлектердің ата-аналары шақырылды.

Аты аңызға айналған ұшқышқа құрмет ретінде Талғат Бигелдиновтың бюстіне гүл шоқтары қойылды.

Оқушыларға орта білім туралы аттестаттар мен төсбелгілерді ардагерлер мен ауған жауынгерлері табыс етті.

136 түлектің 90-нан астамы еліміздің жоғары әскери оқу орындарында оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр.

– «Жас ұланда» екі жыл ішінде мен сапалы білім алдым. Тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділікке бейімделдім. Бұл қасиеттер мен мектеп қабырғасында алған білімім Құрлық әскерлерінің әскери институтына түсу кезінде және болашақ офицерлік қызметте көмектесетініне сенімдімін, - деді түлектердің бірі Айберген Тұрсынбек.

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері мен ұландар орындаған вальс іс-шараға ерекше салтанат сыйлады. Ал қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсеткеннен кейін мектеп оқушылары салтанатты саппен жүріп өтті.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі өткен жылы 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде оны бес мыңнан астам түлек бітіріп шықты.