Күні кеше Өзбекстанның діни басқармасы ChatGPT платформасынан діни кеңес алуға болмайтыны туралы пәтуа шығарған. Діни басқарма мұны жасанды интеллектінің адам тарапынан жасалғаны және кей жағдайда қате жауап беретіндігімен түсіндірген. Осыған байланысты Azattyq Rýhy Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауал жолдаған еді. Мүфтият мамандары редакцияның сауалынан кейін арнайы бас қосып, ChatGPT-ге қатысты пәтуа шығарды.
ҚМДБ жауабына сүйенсек, ChatGPT сияқты бағдарламалар – жасанды интеллектке негізделген, диалог режимінде жұмыс істейтін жасанды интеллект чат-боты. Шынында да, ChatGPT платформасы кейбір салаларда адамдарға пайдасын тигізіп жатыр. Жасанды интеллектіні ақпарат іздеу, мәтін аудару, деректерді талдау, белгілі бір мәліметтерді тез қарап шығу сияқты техникалық жұмыстарда пайдалануға болады. Сонымен қатар, діни білімге көмекші құрал ретінде де қолдануға болады.
«Алайда жасанды интеллектіден діни үкім (пәтуа) сұрауға болмайды. Себебі ЖИ діни мәселелерде қате жауап беруі мүмкін. Бұған бірнеше себеп бар», - дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.
Біріншіден, жасанды интеллект сұрақ қойған адамның жеке жағдайын ескермейді. Мысалы, отбасылық немесе қаржылық мәселелерде әр адамның жағдайы әртүрлі болады. Мұндай мәселелерді шешу үшін екі тарапты да тыңдау қажет.
Екіншіден, дереккөздерді ажырата алмайды. ЖИ интернеттегі бар мәліметтерді пайдаланады. Бұл жауаптар шариғатқа қайшы болуы да ықтимал. Өйткені ЖИ үкім бермейді, тек интернеттегі ақпараттарды жинап, жауап құрастырады.
«Сондықтан діни мәселенің үкімін (адамның жеке жағдайына, қоғамдағы әдет-ғұрыпқа, өмір сүру ортасына байланысты өзгеретін пәтуалар) жасанды интеллектіден емес, міндетті түрде дінді жақсы білетін ғалымдарға, арнайы пәтуа мамандарына жүгіну тиіс. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» (Нахл сүресі, 43-аят). Қорыта айтқанда, ЖИ – пайдалы құрал. Бірақ діни үкім беру – үлкен жауапкершілік. Сондықтан бұл істе білімді пәтуа мамандарына жүгінген дұрыс. Ал ЖИ-ді тек көмекші құрал ретінде, жалпы мәлімет үшін ғана пайдаланған жөн», - деп кеңес берді мүфтият.