$519.55 €596.03 ₽6.63
×

Атырауда танысынан қарызын алуға барған жігіт аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты

19.06.2025ж. 20:00
56
Атырауда танысынан қарызын алуға барған жігіт аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты

Атырауда танысынан қарызын алуға барған  жігіт аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. 40 жастағы азамат қазір операциядан кейін жасанды тыныс алу аппартымен демалып жатыр.  Ал оның ет жақындары кінәлі жігіт  жазадан сытылып кете ме деп қорқып отыр. 

40 жастағы Руслан Жолмағамбетовтің туыстары кешелі-бері  облыстық аурухананы жағалап жүр. Соқталдай жігіт алған соққыдан жансақтау бөліміне түскен.  Танысымен арадағы текетірес келіншегі Анаргүл мен үш баласының көзінше болыпты. Үш айдан бері  30 мың теңге қарызын қайтармаған соң, үйіне іздеп барғанға ашуланып, сабап тастаған.  

АНАРГҮЛ МҰХЗАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен әзіл екен деп ойладым.  Бір заманда мына жерден ұстап тұрып қатты соққы беріп жатқанын барып, шындап екенін түсініп, түстім. 3 балам да бақырып, еңіреп жылап түсті артымнан. Оларды қайтадан кіргізгенше тағы  2-3 соққы беріп жіберген.  Жолдасым құлап, тоңқалаң асып, аузынан қызыл қан әрі қарай тұра алмай жатыр екен.


Көлікке отырған жолдасы бір көшеден соң өзін тым жайсыз сезінген соң жедел-жәрдем шақырған. Дәрігерлер жағдайы тым ауыр деп отыр. 

ДАРХАН ЖАҚСЫЛЫҚОВ, АНЕСТЕЗИОЛОГ-РЕАНИМАТОЛОГ ДӘРІГЕР:

Түскен кезде диагнозы жедел түрдегі өңештің жарақаты. Медиастенит диагнозымен өте ауыр жағдайда түскен болатын. Бүгін  операция жасалды. 1 сағат операция болды. Қазір операциядан кейінгі жағдайы демалысы аппаратпен. Жағдайы өте ауыр.


МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай ақ 1985 жылы туған күдікті ұсталып,  қазіргі таңда күдіктіден жауап алынуда. Жәбірленушіге қатысты қазіргі таңда сот медициналық сараптамалары тағайындалды.  Сараптама нәтижесіне сәйкес процесуалдық шешім қабылданатын болады. 


Соққыға жыққан жігітпен жақсы таныс болған. Екеуі  бірге жалдамалы жұмыстар істеген. Жігіттің туыстары кінәлі жазадан сытылып кете ме деп алаңдайды.