Жамбылда жылдар бойы заңсыз алын қазып келген қылмыстық топ құрықталды. Құрамында Ақбақай кен орнының қызметкерлері мен сондағы қауіпсіздік қызметінің өкілдері бар болып шықты. Өзге өңірлерден де сыбайластар тапқан. Олар Ақбақайдан руда өңдеу кезінде, бөлініп шыққан бағалы металды жасырын жолмен кен орнының сыртына шығарып, шетел асырып отырған. Алтынмен ауырып, баға металға басы кеткендердің заңсыз әрекетін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен прокуратура бірлесіп арнайы операция кезінде қолға түсірді. Бұдан бөлек еліміздің өзге төрт аймағынан осы топқа қатысы бар 50 адам ұсталды. Жылдар бойы жымысқы ойын жүзеге асырып келгендер алтынмен бірге құрамында алтыны бар руданы сыртқа тасымалдаумен айналысқан. Кен орнын тінту кезінде 8 жасырын цех табылған. Құзырлылар ол жерден 6 келіге жуық алтын тәркіледі. Көйлеңкелі кәсіппен пайда таппақ болғандар кен орынға 400млн теңгеден аса шығын келтірген көрінеді. Оңай олжаға кенелгендерге қатысты тергеу басталды.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:
Қылмыстық іс бірнеше бап бойынша, соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу фактілері бойынша тергелуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.