Дональд Трамп кез-келген сәтте Иранға соққы жасауы мүмкін. Ақ үйде берген сұхбатында АҚШ Президенті: «Өзім білемін», - деп қысқа жауап қатты. Иран билігі болса, берілмейміз, - деп шорт кесті. АҚШ пен Израиль бірге соққы жасаса да соғыса береміз, - дейді Аятолла Хаменеи. Кенеттен Ресей Президенті Владимир Путин екі елге бітімгер болуға дайын екендігін жеткізді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп Иранға шабуыл жасаудан тайсалмайды. Тіпті, өзім білемін, - дейді. Кез-келген сәтте шешім қабылдауы мүмкін екендігін жасырмады АҚШ Президенті. Бірақ, осы уақытқа дейін АҚШ бұл қақтығысқа араласқан-араласпағаны туралы бірдеңе деп тіс жарудан бас тартты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Өздеріңіз білесіздер, менің қолымнан барлығы келеді. Бірер секунд бұрын шешім қабылдағанды жақсы көремін. Жалпы, ыңғайына қарай шешім қабылдаймын. Араласып, соққы жасап қалуымыз да мүмкін.
Аятолла Хаменеидің қорқатын түрі жоқ. Біз өліспей-беріспейміз, - дейді. Естеріңізге сала кетсек, апта басында АҚШ билігі оның қайда жасырынып жатқанын білеміз. Өлтіреміз десек, қас-қағым сәтте шабуылдаймыз, - деген еді. Соған қарамастан, Израильге соққы жасауды тоқтатпайтынын айтуда Иран басшысы.
АЯТОЛЛА АЛИ ХАМЕНЕИ, ИРАН БАСШЫСЫ:
Олар бізге: «Беріліңдер», - деп талап қойып отыр. Бірақ, Иран халқы сырттан шапқан агрессорлардың алдында ешқашан тізе бүкпейді. Сондықтан, біз кек қайтаруымызды жалғастырамыз.
Кенеттен Ресей Президенті – Владимир Путин бітімгерлік көмек ұсынды. Қос елдің алдағы уақытта өз қауіпсіздігі үшін алаңдамайтындай жағдайды қалыптастыру үшін келіссөз алаңын ұсынамыз, - дейді Кремль басшысы.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің екі елмен де қарым-қатынасымыз жақсы. Екі елдің де мүдделерін ескере отыра шешім қабылдауға көмектесер едік. Мәселен, Иран өзінің ядролық бағдарламасын бейбіт жолда жалғастыра алады. Ал, Израиль өз қауіпсіздігіне алаңдамайтындай жағдай жасаймыз. Оған мүмкіндігіміз жетеді.
Әзірге екі ел бір-біріне соққы жасауын доғаратын емес. Бүгін Иран зымыраны Израильдің Беер-Шева қаласындағы ауруханаға түсті.