$519.55 €596.03 ₽6.63
×

Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар нысанды аралады

19.06.2025ж. 20:00
59
Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар нысанды аралады

Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар нысанды аралады. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен спорт кешендірін аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Барлық компания жұмысшыларына сәттілік тіледі. 

Мемлекет басшысы алдымен Астанадағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап көрді. Көпфункциялы ғимарат биыл пайдалануға берілген. Кешенде түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар, сондай-ақ халыққа арналған сауықтыру және демалыс бағдарламалары ұйымдастырылады. Жеке инвестордың қаржысына салынған нысанның аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арналған жекпе-жек залдары бар. Президент бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көптеп салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жас боксшылармен және футболшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпионы болуына тілектестік білдірді.

Мұнан  соң, Президент «Дәулет» теннис орталығына барды. Кешенде 600 бала, олардың ішінде 85 оқушы бюджет есебінен жаттығады. Сондай-ақ мұнда 57 спорттық-сауықтыру тобы жұмыс істейді. «Дәулет» орталығы – елордадағы балалар ең көп баратын, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар спортшыларды да қамтитын әлеуметтік-спорттық нысандардың бірі. 

ӘЛІБИ САПАР, СПОРТШЫ:

Тенниске 5 жастап бастап қатысамын. Теннис спорты маған қатты ұнайды. Республикалық турнирлердің жеңімпазымын. Теннистен 3-дәрежедегі жасөспірімдер арасындағы разрядым бар. Болашақ мақсатым - елімді әлемге таныту.


Бұдан кейін Мемлекет басшысы бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысты. Соның бірі -Stadler Kazakhstan зауыты. Онда Президентке зауыт шығарған алғашқы жолаушылар вагоны таныстырылды.Кәсіпорын биыл 51 вагонды, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагонды пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ,  респиратор мен газтұтқы шығаратын зауытқа барды. Бұл -Түркиядағы ең ірі және Еуропадағы үштікке енетін компания. Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесін де тамашалады. Елімізде биыл мамыр айында ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыт құрылысы басталған. Осы арқылы мамандар донорлық органды ұзақ сақтау мәселесін шешуді көздеп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев KIA маркалы арнайы және коммерциялық техникалар құрастыратын зауыт жұмысымен де танысты. Кәсіпорын іске қосылған 2022 жылдан бері 700-ден аса автокөлік шығарған. Өндіріске құйған инвестицияның жалпы көлемі 11 миллиард теңгеден асты. Мұнда өндірушілерден жеткізілген бөлшектерді дәнекерлеу, сырлау, шанақ монтаждау жұмыстары атқарылады. Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, KIA Bongo автокөлігінің шанағына естелік қолжазба қалдырды.

Президент KazPan сэндвич-панелдерін өндіретін зауытты да аралап көрді. Кәсіпорын Kindus оңтүстіккореялық өндірісінің жоғары технологиялы автоматтандырылған желісімен жабдықталған. Жылына 1,8 миллион шаршы метрге дейін өнім шығаруға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беретініне және еліміздің инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.