Батыс Қазақстан облысында соңғы бес жылда тоғыз әйел күйеуінің қолынан қаза тапқан. Барған жерінде бағы жанбаған біреуін жұбайы тіпті екі қызымен бірге өртеп жіберген. Еліміздің әр түкпірінен құрылған отбасын қолдау орталықтары енді осындай келеңсіздікпен күреспек.
Күйеуінің зәбірінен зәрезап болған Әлия әйелдер паналайтын орталыққа екі апта бұрын қоныстаныпты. Үйдегі ұрыс-керістен үрейі ұшқан екі баласын да ала келген. Айтуынша, алты жыл отасқан жұбайы соңғы кезде қатты өзгерген.
ӘЛИЯ ҚАБАТОВА, ТҰРҒЫН:
Қол көтерген кездері болды. Жалпы өте агрессивті болып кетті. Ол барлығын да тек менен көрді, бәріне кінәлі тек сен деп барлығын маған ысырып тастай берді. Мені көргенде жынды көргендей дәрежеге жеткесін, амал жоқтан кеттім шыны керек үйден. Ол кісі анандай синтетикалық порошок па, сондай шеккен болуы керек. Көз алдымда адам дейін-кейін болып өзгеріп кетті.
Полиция дерегінше, жәбірленгендер саны мыңнан асады. Оның 400-і таяққа төзбей, дағдарыс орталықтарын паналаған. Дегенмен ашуланса, өшін әйелінен алатын 423 жігіт қамауға алынды.
ДИЛЯРА САТАРОВА, БҚО ПД ЖПҚ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚПЕН КҮРЕС БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Биылдың өзінде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 1102 азаматтан арыз-шағым түсті. Оларды қорғауға алу үшін 1360 ұйғарым жібердік. Мұның бәрі учаскелік полиция қызметкерлері анықтады. Өйткені жәбір көргендер алдымен соларға хабарласады.
Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң өзгертіліп, еліміздің түкпір-түкпірінде отбасын қолдайтын 112 орталық ашылды. Кейін облыс пен аудан әкімдіктері жанынан мобильдік топ құрылды. Мұндағы мақсат - жәбір көргендерді ертерек анықтап, әлеуметтік көмек көрсету.
ЭЛЬМИРА МЫРЗАҒАЛИ, ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕНІҢ МҮШЕСІ:
Бізде өмірлік қиын жағдайды әлеуметтік кодекстің 33-бабында көрсетілген 12 категорияға сыйғыза алмай қалатын кезіміз болады. Осы кезге дейін әрбір ведомство - білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары өздерінің құзіретінің шегінде ғана жұмыс істеді. Отбасын соңғы нүктесіне шейін, тығырықтан толық алып шығуға дейін осы күнге дейін бір де бір мекеме болған емес. Енді отбасын қолдау орталығы сол жұмыспен айналысады.
Соңғы бес жылда өңірде 9 әйел күйеуінің қолынан қаза тапты. Бірақ жәбір көргендер түптің түбінде татуласуға мәжбүр. Өйткені балаға әке керек әрі қайтып барған қыз жаман. Отбасын қолдау орталықтары осы түйткілді шешеміз дейді. Құзырлы мекемелер өзара хат жазып, уақыт созбау үшін енді арнайы қосымшаны пайдаланбақ.