$519.55 €596.03 ₽6.63
×

Трамп Иранға ауқымды соққы жасауға рұқсат берді – БАҚ

AstanaTV
20.06.2025ж. 11:13
42
Трамп Иранға ауқымды соққы жасауға рұқсат берді – БАҚ
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Вашингтонның Иранға қарсы соққыларға қатысуын мақұлдады. Бұл туралы Пулитцер сыйлығының лауреаты, америкалық журналист Сеймур Херш мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Маған Ақ үй Иранға кең көлемді бомбалау жүргізуге келісім бергені туралы хабар жетті, – деді ол Substack платформасындағы мақаласында. Ол бұл мақаласында америкалық шенеуніктер мен израильдік дереккөздерге сілтеме жасаған.

Бейсенбі күні The Wall Street Journal газеті де Трамп Иранға әскери соққы жасау жоспарын бекіткенін, алайда оны іске асыру туралы бұйрық әлі берілмегенін жазған.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, Ақ үй басшысы Тегеран жуық арада ядролық бағдарламасынан бас тартады деп үміттеніп отыр.

Шабуыл болған жағдайда, АҚШ Фордодағы уран байыту зауытын нысанға алмақ. Бұл нысан тау астында орналасқан және әскери сарапшылардың пікірінше, оны ең қуатты GBU-57A бомбалары ғана жоюға қабілетті. Ал бұл бомбаларды тасымалдай алатын жалғыз ұшақ – көрінбейтін B-2 Spirit бомбалаушысы – тек АҚШ қарулы күштерінің құрамында бар.

Сонымен қатар Axios басылымының Ақ үйдегі дереккөздеріне сүйенсек, Трамп тек нысаналы соққылармен шектеліп, Таяу Шығыста ұзаққа созылатын соғысқа араласпауды жөн көреді.