Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген конкурстан өтпей қалған белгілі режиссер Талғат Теменов Facebook парақшасында орталықтың сарапшылар құрамына күмән келтіріп, соның ішінде Роза Мұқановаға да жеке сын айтқан.
Бұл мәлімдемеге жауап ретінде жазушы-драматург Роза Мұқанова әлеуметтік желіде былай деп жазды:
«Бұл жазбаға сөз шығындау арзан әрекет деп ойласам да, амал жоқ, менің атымды халық жауындай-ақ әшкерелеуге тырысқан екен. Жауап жазуға тура келді», — дейді ол.
Мұқанова режиссердің ұсынысқа жолдаған сценарийінің бірқатар олқылықтарын тізіп көрсетті. Оның айтуынша, Теменов конкурсқа Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының желісімен киносценарий ұсынып, оны пьеса қалпында жіберген. Сонымен қатар, драматургтің мәлімдеуінше, сценарийге М.Әуезовтің «Октябрь үшін» пьесасынан да үзінділер қосылып, екі бөлек шығарманы біріктіруге тырысқан.
«Композициясын нақтылай алмаған, оқиғаны байланыстыру жолын шешпеген, финалды күңгірт қалдырған», – деп атап өтті Роза .
Оның айтуынша, сценарийде қазақы салт-дәстүрге жат көріністер де кездескен. Мысалы, бір сахнада Қарагөз әжесінің алдында тыр жалаңаш күйінде бейнеленеді.
Мұқанова бұл жайтты қатты сынға алып:«Мұндай көрініс қазақ актрисасы үшін де обал», – дейді.
Сондай-ақ, ол сценарийдегі логикалық құрылым мен драматургиялық өрістің әлсіз екенін алға тартады:
«Нарша мен Сырымның қақтығысы қайда қалды? Трагедияны трагедия етіп тұрған негізгі өзек мүлдем көмескіленген», – дейді автор.
Жазушы әрі сарапшы ретінде ол сценарийді кәсіби тұрғыдан талдағандарын айтып, сарапшылар құрамының ашық түрде жарияланғанын еске салды.
«400-ден астам сценарийді көз майымызды тауысып оқыдық. Әрқайсысы 100-200 беттен тұрады», – деп жазды ол.
Сөз арасында Мұқанова Теменовтің өзіне қатысты тағы бір даулы мәлімдемесіне жауап берді. Бұған дейін Теменов Роза Мұқанованың "Сарра" және "Бопай ханым" пьесаларына көмектескенін айтып, пікір білдірген еді. Бұл жөнінде Мұқанова:
«Сол пьесалар театр басшыларының тікелей тапсырысымен жазылды. Сіз оларды сахнаға шығармауға тырыстыңыз, бірақ труппа мен басшылық қарсы болды. Талғат! Сен Тёмнов болма! Репертуарға тек өз инсценировкаларыңды қоюға әуестеніп кеткеніңді бетіңе айтқаным үшін мені дұшпаның санаған шығарсың. Бірақ шығармашылық тұлға әділ, адал, шынайы болуы керек», – деді Роза Мұқанова.