Павлодарда дүлей дауылдан 57 жастағы адам көз жұмды. Сұмдық оқиға Ақсу қаласында болған. Құлаған ағаштың бұтағы көлік ішінде отырған әйелдің кеуде тұсына кіріп кеткен. Зардап шегуші алған жарақатынан жан тапсырған. Ал екпінді желдің салдарынан 20-ға тарта адам түрлі дене жарақатын алды. Екеуінің жағдайы ауыр. Үстіне ағаш құлап, басып қалған.
АЙГҮЛ МҰҚЫШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бірі Павлодар, екіншісі Екібастұз қаласындағы ауруханада жатыр. біздің дәрігерлер қажетті ем дом шарасын жасауда. Облыстық балалар ауруханасына 7 бала түсті. Оның біреуі жатудан бас тартты. Ал екі бала ауруханаға жатқызылып, ем алып жатыр. Жағдайлары қалыпты. Қалған балаларға амбулаторлық ем тағайындалды.
Қатты дауылдан Ақсу қаласы, Май және Баянауыл аудандары жарықсыз қалды. Қазір электр бағандарын қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 70-тен астам нысанға зақым келген. Оның ішінде тұрғын үйлер де бар. Ақсу қаласында жаңадан салынған көпқабатты үй қирап қалды. Тұрғындар қайда барарын білмей дал болып отыр.
РАЙЫМГҮЛ ӘЛІМБАЕВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы менің 10 жыл күткен үйім. Бәрін быт-шытын шығарды. Менде басқа тұратын жер де жоқ. Осы үйде тұрам пока істегенше.
ДАНИЯР ЖҰМАДІЛ, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Зардап шеккен жеке тұрғын үйлердің иелеріне біз әкімдік тарапынан әлеуметтік көмек көрсететін боламыз қаржылай. Ал көп қабатты тұрғын үйлер бойынша шығын көлемі, зақымдану мөлшері барлығы анықталынып жатыр. Оны арнайы коммуналдық мекемелер есептейді.