Атырауда әлеуметтік желідегі жарнаманы көріп, жер телімін сатып алғандар жер сипап қалды. Құжаттарын рәсімдеп, кейбірі үй құрылысын бастап жатқан кезде, әкімдік сотқа берген. Сөйтсе, бұл аумақ жекенің қолына алаяқтық жолмен өткен екен. Аппеляциялық сот жер телімін мемлекетке қайтаруға шешім шығарды. Шешіммен келіспеген көпшілік сот алдына жиналып наразылығын айтты.
Облыстық соттың алдына жиналған тұрғындардың барлығы 2022 жылы бір адамнан жер телімін сатып алған. 10 сотық шамасындағы аумақ үшін бірі 8, бірі 10 млн теңге беріпті. Құжатты рәсімдеу кезінде де еш кедергі болмаған. Сондықтан әкімдік сотқа берген кезде «апам да аң таң, мен де аң таң болыпты». Енді қарап отырып, қыруар қаржыға алған жер телімін тартып алмақшы деп шыр-пыр.
АНАРГҮЛ БИСЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Нотариуспен, ЦОН-мен, бәрі құжатты өткізгенде бәрі ештеңе болған жоқ. Сосын жарты жылдан кейін құжатты тексергенде арест қойып тастаған. Содан кейін барып білдік ол алаяқтық әрекет.
«Атырау-2» ықшам ауданындағы 6,8 гектар жер телімі бір кездері бизнес мақсаты үшін жеке компанияға өткен. Бірақ заңсыз берілгені анықталып, мемлекетке қайтару кезінде сот орындаушы алаяқтық жолмен бар-жоғы 7 млн теңгеге жеке адамға сатып жіберіпті. Ал ол адам әкімдіктен 68 жер учаскесіне бөлуге рұқсат алып, сатуға шығарған.
РУСЛАН ӘДИЕТОВ, ЗАҢГЕР:
Заң бойынша кез келген адам нотариусқа барады. Сделканы жасайды, сосын тіркеледі. Тіркелгеннен кейін мемлекет кепіл береді, мына жер заңды таза, ешкім оған запрет жоқ. Мына жерде мемлекеттің жауапкершілігі ешқандай жоқ. Мыналарды тіркеді заңды түрде. Артынан қылмыс болып шықты, заңсыз рәсімделген. Неге мемлекет өзі жауап бермейді?
Алаяқ 24 жер телімін сатып үлгерген. Қалғанын әкімдік қайтарып алып, үш тұлға қылмыстық іс бойынша жазасын өтеп жатыр. Ал маңдай тер ақшасынан да, жер телімінен де айырылған жұрт қана жауаптыларды жағалап, сабылып жүр. Қалалық әкімдік болса, заңсыз иелерінен алып, жылдар бойы кезекте тұрғандарға үлестіреміз,- деп отыр.
ЖАН ДОСҚАЛИЕВ, ҚАЛА ӘКІМДІГІ АППАРАТЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
2019-2020 жылдары осы «Атырау» ықшам ауданын кеңейтуге арналған жоба жасақталды. Осыған байланысты жеке тұрғын үйқұлысын салу үшін кезекте тұрғандарға беріледі. 2022 жылғы осы алаяқтық қылмыстық іске байланысты бұл мәселе әзірге тоқтап тұр.
ЕРЛАН КӘКИЕВ, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тұлғаларға регрестік тәртіппен сотталған тұлғалардан өндіру құқытары бар екенін түсіндіреміз. Және әкімдікпен бірлесіп, өзге де шешу жолдарын қарастырамыз.
Жерді сатып алып қана қоймай, қоршап, іргетасын құйып, үй салып шығындалған жұрт құжат жинақтап жатқанн кезде алаяқтықты анықтамаған әкімдік қызметкерлеріне өкпелері қара қазандай. Олар касациялық сотқа шағымданамыз деп отыр.