Атом саласын дамыту мен салаға қажетті маман даярлау – еліміздің стратегиялық маңызды бағыттарының бірі. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Биыл алғаш рет Қазақстан-Британ техникалық университетінің базасында «Уран өндірісі» академиялық бағдарламасы ашылды. «Қазатомөнеркәсіптің» маңызды бастамасы жастарға саланы терең меңгеріп, сұранысқа ие маман болуына үлес қосады. Сондай-ақ, «Murager» бағдарламасы арқылы ауыл жастарына тегін білім алуға мүмкіндік беріліп отыр. Ақмола, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының талапкерлеріне уран өндіру және өңдеу, геологиялық барлау, энергетика, экология мамандықтары бойынша білім гранттары бөлінген. Ал «Ізбасар» бағдарламасы аясында жас мамандар тек теориялық емес, нақты өндірістік тәжірибеден өтіп, білікті мамандармен қатар жұмыс істейді.
МЕЙІРЖАН ЮСУПОВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
"Қазатомөнеркәсіп"адами капиталды дамыту мен жас мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз елдің болашақ дамуы білім беру жүйесіне және жас буынның кәсіби қалыптасуына салынған инвестицияларға тікелей байланысты екеніне сенімдіміз.